ШАХТАДАҒЫ АПАТ: Айыпты кім?
«Ленин» шахтасында болған апатқа толықтай жұмыс беруші тарап кінәлі. Бұл туралы журналистермен өткен брифингіде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, сол күні кен арасына жиналып тұрған метан газы кенеттен таралған. Осы кезде бұрғылау қондырғысы темірге тиіп, ұшқын пайда болады. Қатты жарылыс толқынынан 5 адам көз жұмып, 4 адам ауыр жарақат алды.
Өкінішке қарай, метан газының концентрациясын бақылап, белгі беретін арнайы құрылғы алыста орналасыпты. Ал оның жұмысын, жалпы шахтадағы қауіпсіздікті қадағалайтын мамандар мұнда жетіспейді екен. Инженерлік құрам толық емес, көпшілігін қысқартып жіберген. Мысалы, 25 адам болу керек болса, қазір бар болғаны 13 инженер жұмыс істеп жүр.
– Үкіметтік комиссия өз жұмысын аяқтады. Жұмыс беруші тараптың айыбы айқындалды. Шахтадағы апатқа 26 адам айыпталып отыр. Олардың арасында жоғары лауазымды тұлғалар да бар. Компанияның бас директоры Биджу Наир және Көмір департаментінің директоры Джелсон Батиста. Қазір барлық құжат құзырлы органдарға тапсырылды. Қылмыстық жауапқа тартыла ма, айыппұл төлей ме – оны сот шешеді, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Алайда Үкіметтік комиссияның қорытындысынан соң компания басшысы Биджу Наир де бірден мәлімдеме жасап, кейбір тұжырымдамамен келіспейтінін жазды. Қолында апатқа қатысты қосымша мәлімет барын және ол ақпаратты комиссия мүшелерінің қайта қарауын өтінді. Осы себепті істі әзірге ашық қалдыруды сұрап отыр. Өз тарапынан мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, оқиғаны терең зерттеуге барлық мүмкіндікті жасайтынын айтты.
Асыл АЙБЕК,
«QH»