Қарағандылық студенттердің қарымы
Қарағанды облысы колледждерінің төрт студенті үздік ТОП-100 студенттің құрамына кірді. Үздік атану үшін Қазақстан колледждерінің 199 студенті бақ таластырды. Үздіктер онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Олардың әрқайсысы тек оқуда ғана емес, сонымен бірге қоғамдық өмірде де жетістіктерге жеткен.
Әділ Тағаев «Электромеханик» мамандығында оқиды. Студенттің айтуынша, ол 9-сыныпта болашақ мамандығы туралы шешім қабылдап, колледжге түсуге бел буған. Өз мамандығын сұранысқа ие болады деп санайды, өйткені қазір – жоғары технологиялар мен автоматтандыру заманы. Әділ – студенттік кеңестің, пікірсайыс клубының президенті, ерікті.
Элина Шин «Техник-дизайнер» мамандығын таңдады. Осы салада биік шыңдарды бағындырмақшы. ШАГ академиясының курсын да қосымша оқып бітірген. «Террикон алқабының» бизнес-инкубаторында «Дизайнердің көздері» жобасын қорғады (интерьерге жиһаз таңдау бойынша маркет-плейс) және екінші орын алды. «Террикон алқабы» ұйымдастырған хакатонда ол жалпы білім беретін мектептерге арналған сайтын ұсынды. Элина футболға құмар және колледж командасында ойнайды.
Дарина Апачева – болашақ бағдарламашы. Қазірдің өзінде IT саласында жұмыс істейді, түрлі бағытты (веб-әзірлеу, графикалық дизайн, SMM-маркетинг, мобилография) игеруде. Студент TikTok-та аккаунт ашып, онда презентацияларды қалай дұрыс жасау керектігі туралы кеңес береді.
Айым Қомшабаева «Шет тілі мұғалімі» мамандығы бойынша оқиды. «Birgemiz: Bilim» облыстық жобасының еріктісі болып, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға ағылшын тілін үйренуге көмектесті. Биыл «Birgemiz: Ayala» жалпыұлттық жобасының еріктісі болды, қаңғыбас жануарларға көмек көрсету жобасын жүзеге асыру үшін шағын грант жеңіп алды. Айым – Қазақстандағы алғашқы Ozgeris бизнес-инкубаторының түлегі, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде оқыған. 2021 жылы студент Балқаш қаласы әкімінің «Жас полиглот» номинациясы бойынша «Тіл жанашыры» сыйлығына ие болды.
Колледждердің үздік студенттерін ресми марапаттау рәсімі желтоқсан айының басында Астанада өтеді. Топ-100 атағының иегерлері сертификат пен жүлде ғана емес, жұмыс берушілерден шақыру да алады. Бұл өз кезегінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Студенттер үшін жеке және кәсіби өсу бойынша шеберлік сабақтар, тренингтер мен курстар ұйымдастырылады.