Зияткерлік миграция тиімді ме, әлде зиян ба?

Қазақта «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар. Жаһандану дәуірінде дәл осы қанатты сөз өзекті бола түскен тәрізді. Өйткені біздің елде шекара асып әлем аралауға шектеу жоқ. Жұрт қалаған жағына барып білім алады, еңбек етеді. Өзге елге түбегейлі көшіп кетемін десе де, кедергі жоқ. Әйтсе де мұның соңы туған жеріміздің дамуына тежеу болмай ма?

«Миграция» дегенді естіген боларсыз. Бағзыдан бері адамзатпен бірге жасасып, бүгінге дейін маңызын жоймаған үрдіс. Оның өзі ішкі және сыртқы, зияткерлік деп сан түрге бөлініп жатады. Біздің айтпағымыз – зияткерлік миграция жайы.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастады. Оның ішінде білім алу үшін шетел асқысы келген жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, тіпті «Болашақ» бағдарламасы да қабылданды. Рас, әу бастағы ниет қазақ жастарының шетелдің үздік оқу орындарында білім алуына жағдай жасап, елімізді білікті кадрлармен толықтыру болған-ды. Әйтсе де сол үміт артқан жастардың арасында туған еліне қайтқысы келмей, сыртта қалып қоятындар кездесіп жатады. Білімді жастардың шетелге кетуі біз үшін үлкен проблема екені айтпаса да түсінікті. Өйткені олар барлық күш-қуаты мен білімін жат елдің экономикасын дамытуға бағыттайды. Міне, дәл осы мәселе қазіргі қоғамды алаңдатып отыр. Біздің қаншама кадрымыз Қазақстанда біліп алып, сол білімін өзге елдің пайдасына жұмсауда. Әрине, білімін шыңдағаны дұрыс, бірақ өз еліңе қызмет етіп, жан-жақты дамуына үлес қосқанға не жетсін.

Әрине, жаһандану дәуірінде ешкімді күштеп ұстай алмайсыз. Әйтсе де білімді жастардың шетел асып кетуіне көз жұмып қарап отыруға тағы болмайды. Бәлкім, олар үшін елде білім алып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау керек шығар?!

Іңкәр ЖОЛЖАҚСЫҚЫЗЫ,

ҚарУ 1-курс студенті