Қара жұмысшыға қамқорлық бар

Қарағанды қаласындағы «Шығыс» базары аумағында қара жұмысшылар жиналатын орын бар. Қала орталығы мен Оңтүстік-Шығысты жалғастырып тұрған көпірдің асты – айтпағымыз. Бұл көпір сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінен бастап жаздың аптабында – көлеңке, күздің жауыны мен қыстың төпелеген ақ қарында қара жұмысшыларға пана болып келген-ді. Енді олар бұрынғыдай суыққа тоңып, ыстықта көлеңке іздеп сарсаңға түспейді. Қалалық әкімдік ешкімге алақан жаймай адал еңбекпен күнелтіп жүрген жандар үшін арнайы жай тұрғызып беріпті. Қыстың алғашқы аязы түскен шақта көпір астына барып, қара жұмысшылардың жағдайымен танысып қайттық.

Көпір астына жас та, жасамыс та жиналған. Бәріне ортақ мәселе – жұмыссыздық. Мұнда жүрген жігіттердің алды он-жиырма жылдан бері нәпақасын осы арадан табуды әдет қылғанын айтады. Алайда көпшілігі тұрақты жұмыс таппаған соң үйде қарап жатпайын деп осында келеді екен. Кейбірі бірер аптада жұмыс тауып, жағдайын түзеп алады. Ондай бақыт бұйырмағаны күнұзақ жолға телміріп, әрі-бері ағылған көліктерді бақылайды. Мұндай орынның барын қала тұрғындары да жақсы біліп алған. Біреуі үйін көшірісуге, енді бірі қар күретіп, көмір кіргізуге жалдайды. Еңбекақы келісімді. Істелген жұмыстың парқына қарай қолма-қол төленеді. Бастысы, екі тарап та разы. Бірінің жұмысы істелді, екіншісі кешке үйіне құрқол бармай, табысты қайтады. Әйтсе де таяқтың екінші ұшы да бар. Ешкімге алақан жаймаймыз деген жігіттер суық пен ыстықта көп уақытын далада өткізеді. Әсіресе қолайсыз ауа райында қиын. Аяқтан өткен суық бүйрекке жетіп, атпалдай азаматты денсаулығынан айыруы мүмкін. Онсыз да табысы жоқ адам емделемін деп екі есе шығынға ұшырайды. Қайтпек керек?

Еңбегін сатып күнелткен қара жұмысшылардың жағдайы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жиі болмаса да ара-тұра айтылып, көрсетіліп қалып жататын. Өйткені бұл жердегі басты мәселе – жігіттердің денсаулығы ғана емес, әлеуметтік жағдай да бар. Тұрақты жұмысы жоқ, табысы төмен, күнұзақ «жұмыс беруші келіп қалар» деген соқыр үмітпен жолға телмірген азаматтар психикасы қанша мықты болса да, аз уақыттың ішінде агрессорға айналып шыға келеді. Өмірге өкпелі адам әуелі отбасына, кейін айналасындағы өзге жандарға да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл кісілерге мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамту жайы туралы ұдайы ақпарат берілуі керек-ақ. Бірақ арасында келіп үгіт-насихат жүргізіп кетіп жататын орталық қызметкерлерін тыңдай қоятындар аз. Қайта мемлекеттік органдардан келген жандарға сенімсіздікпен қарап, сөзін жүре тыңдайтындар көп. Енді не істеу керек? Мәселенің түйінін Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тарқатқандай болды.

Жыл басында қала әкімінің тапсырмасы бойынша көпір астына контейнер орнатылған болатын. Жазда кондиционер қосылады, қыста жылу пеші бар. Жұмыс іздеген жандар бос уақыттарында шай ішіп, ас-ауқаттарын тұтына алады. Арасында Жұмыспен қамту орталығының мамандары барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оларға мұндағылар да бұрынғыдай тосырқай қарамайды екен. Өйткені әкімдіктің қамқорлығын сезінген соң, бойларында сенім мен сыйластық бар. Орталық мамандарының соңынан еріп кетпесе де, айтқан сөздерін түсініп, ойланып қалады. Әрі контейнердің бос қабырғасына тақта орнатылып, оған жұмыссыздарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттар жазылыпты. Мұны да сәтті шешімнің бірі десек, жаңсақ айтпаймыз. Өйткені күні бойы бос отырып зеріккен жұрт міндетті түрде онда жазылған ақпаратты оқиды. Күн сайын оқуы да мүмкін. Бірінші күні санасына жетпесе де, түбі оң шешім қабылдап, тұрақты жұмыс іздеп Жұмыспен қамту орталығына барады. Солай болған да.

– Мұнда ешкім еріккеннен келмейді ғой. Жас кезде дұрыс оқып, жақсы мамандық алмадық. Қазір жұмыс таппай жүрміз. Ер адам болған соң отбасыңды асырау керек. Оның үстіне, жағалай қымбатшылық. Дүние күйіп тұр. Сосын осында келіп күнделікті бұйырған тиын-тебенімізді табамыз. Кейде күні бойы бос отырып кететін кездеріміз болады. Кейде күніне екі-үш жерге жұмысқа барып, 20-30 мың теңгеге дейін табамыз. Бәлен деуге болмайды. Бұйырғаны ғой – бәрі. Қазір мына контейнерді орнатқалы жақсы болды. Суықта дірдектемейміз. Жұмысқа барып келген соң жуынып-шайынып, сәл тынығып алуға болады. Осында үш-төрт жылдан бері жүрген жігіттердің біразы Жұмыспен қамту орталығы мамандарының көмегімен тұрақты жұмысқа да тұрып кетті. Кәсіп бастауға грант алсақ деп жүргендер де бар. Басында елең қылмаушы едім, осы күні мен де бос орындар жәрмеңкесіне жиі барып, қолайыма сай келетін жұмыс қарап жүрмін. Табылса, сонда кетер едім, – дейді Ерлік есімді азамат.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, контейнерге орнатылған ақпараттық тақтадағы деректер ұдайы жаңартылып отырады екен. Сәйкесінше мұндағы жігіттер де мемлекеттік бағдарламалар мен жәрмеңкелер туралы ақпаратты біліп отырады. Бұдан бөлек ай сайын осында арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізу де жүйеге қойылған. Бұл жұмыстар жалғасын тапса, алдағы бірер жылда көпір астын паналаған қара жұмысшылардың мәселесін де түбегейлі шешу мүмкіндігі туындауы бек мүмкін.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»