Президент сайлауы — 2022: қарағандылықтарға арналған sailau09 чат-боты іске қосылды
ҚР кезектен тыс Президент сайлауына санаулы күн қалды. Дауыс берушілер тіркелген сайлау учаскесінің мекен жайы мен нөмірін Telegram-да sailau09 чат-боты арқылы біле алады. Бұл чат-бот тек Қарағанды облысының тұрғындарына арналған. Онда азаматтар өзінің ЖСН-ын енгізу арқылы ақпарат ала алады.
«Сайлаушылар тізімінде өзіңізді тексерудің бірнеше әдісі бар. Ол үшін sailau09.kz арнайы сайт жұмыс істейді және облыстың электрондық қызметтер порталында айдар қарастырылған. Мұнда әрбір пайдаланушы ЖСН немесе жеке куәлік нөмірі арқылы өз учаскесін таба алады. Сонымен қатар, барлық қалалар мен аудандар әкімдіктерінің сайттарында «Сайлаушылар тізімінде өзіңізді тексеріңіз!” қосымшасы қолжетімді», — делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, сайлаушылар Senim109 Бірыңғай диспетчерлік қызметі арқылы деректерді біле алады. Интернетке қосылу мүмкіндігі болмаған жағдайда 109 нөміріне қоңырау шалу қажет. Тек ЖСН ғана жеткілікті. Senim операторлары сайлау процедурасы бойынша жеке сұрақтарға жауап береді. Мысалы, басқа қалада, ауруханада, вахтада және т. б. қалай дауыс беру керектігі жөнінде кеңес береді.