Қазақстан мен Иран тауарлардың жүк айналымы жылына 1 ден 4 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы Меморандумға қол қойды
Мұндай келісімдерге Иран Ислам Республикасына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегациясы қол жеткізді.
Делегация құрамына қазақстандық ұн өндіру, астық және ет одақтарының, Қазақстанның аграрлық және өнеркәсіптік саясатын дамытуға жауапты мемлекеттік органдардың, «ҚТЖ» ҰК АҚ, Азық-түлік корпорациясының өкілдері мен басқа да мүдделі қатысушылары кірді.
Қазақстандық аграрлық және өнеркәсіптік өнімдер үшін жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктері, қолданыстағы солтүстік-оңтүстік бағытындағы кедергілерді жою қазақстандық және ирандық тараптардың талқылаған негізгі тақырыптарына айналды. Серік Жұманғарин екіжақты кездесулер кезінде атап өткендей, Қазақстан мен Иран арасында өз-ара сыйластық, сенімді қарым-қатынас орнаған. Елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті ілгерілетуге 2022 жылғы маусым, қыркүйек-қазан айларында өткен ең жоғары деңгейдегі бірқатар кездесулер елеулі серпін берді. Мемлекет басшыларының сапарларының қорытындысы бойынша бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді және Қазақстан-Иран өзара іс-қимылын жандандыруға бағытталған тапсырмалар берілді.
— Бүгін Қазақстан бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн өнімдерін, ет, өсімдік майларын және басқа да өнімдерді экспорттауға дайын, — деді Серік Жұманғарин Иранның ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садатинеджадпен кездесуде. – Біз Иранмен агроөнеркәсіптік өнімдердің өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға және Қазақстан үшін Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Африка сынды жаңа нарықтарға шығуға қызығушылық танытудамыз. Ирандық әріптестердің саладағы тәжірибесі біздің бизнес үшін өте пайдалы болары сөзсіз.
Иранның Көлік және қаланы дамыту министрі Ростам Қасемимен кездесу барысында Серік Жұманғарин қазақстандық тараптың тауарлар ағынының көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін ұлғайту ниетін айтты. Ол үшін кездесуге қатысушылар 2022 жылдың соңына дейін «тар» инфрақұрылымдық орындарды жою және 2022-2025 жылдарға арналған Солтүстік-Оңтүстік бағытының әлеуетін дамыту бойынша үшжақты жол картасын қабылдауға келісті. Тараптар Жол картасына енгізу үшін келесі қадамдарды пысықтауға келісті:
— жүк көлігінің жүргізушілері, халықаралық тасымалдарға қатысушылар үшін арнайы визалық режим құру. Бизнес өкілдері үшін осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қосымша қарастыру;
— бірыңғай тарифті, бірыңғай көлік құжатын және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізуді қоса алғанда, екі елдің кедендік ресімдеу процестерін оңтайландыру;
— «Қырғызстан – Қазақстан — Ресей» үлгісі бойынша навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан – Түрікменстан — Иран» бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша пилоттық жобаны іске қосу.
Сондай-ақ, логистикалық процестер мен екіжақты сауданың тиімділігін арттыру мақсатында тараптар бірлескен экспорттық-импорттық компания құру мүмкіндігін пысықтауға келісті.
Кездесулер барысында айтылған барлық тараптар сауда, көлік және логистиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қоюмен бекітілді.