Шахтадағы қайғылы жағдай: Үкіметтік комиссия құрылды
Түнгі сағат 3 шамасында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментіне қарасты «Ленин» атындағы шахтада газдың кенеттен таралуы орын алды. Төтенше жағдай салдарынан 5 шахтер қаза тауып, 4 адам Шахтинск қаласындағы және Қарағанды қаласындағы Х.Мақажанов атындағы ауруханаға жатқызылды. Оқиғаның жай-жапсарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Кеншілердің қаза табуына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне апаттың себебін анықтау және зардап шеккендер мен олардың отбасына көмек көрсету шараларын қабылдауды тапсырды.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым», – делінген Президенттің көңіл айту жеделхатында.
Шахтадағы төтенше оқиғаға байланысты Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек те өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, қазақ тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, зардап шеккендердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылғанын жеткізді.