Дауыс беру – маңызды міндет

Қазақстан азаттығын жариялаған алғашқы күннен бастап демократиялық құндылықтар басты орынға қойылатын ел болуға бағыт алды. Ата заңымызда жазылғандай, биліктің қайнар көзі – халық. Елдегі саяси өзгерістердің барлығы бұқараның талап-тілегіне сай қабылданып, мемлекет тізгінін халық қалаған адам ұстауы тиіс. Бұл әділ сайлаудан және оған ел азаматтарының белсенді қатысуынан аңғарылады. Ал сайлауға қатысып дауыс беру – халықтың басты конституциялық құқықтарының бірі.

Рас, қоғамда түрлі көзқарастағы адамдар бар. Кей азамат «Бұл сайлаудың бізге берері не? Мен дауыс бермей-ақ қойсам, дүние төңкеріліп, аспан айналып жерге түспес» деген ойды ортаға салады. Бұл дұрыс па? Әрине, жоқ. Елдегі барлық өзгеріс азаматтардың саяси сауаты мен белсенділігіне тікелей қатысты. Жалпы, республикалық реформаларды былай қойғанда, шалғайдағы он үйлі ауылдың келешегі де бұқара халықтың саяси процестерге белсене қатысу не қатыспауына тікелей байланысты. Сондықтан сайлау кезінде бір кісідей белсенділік танытып, өз таңдауыңызды жасаудың маңызы зор.

Қарапайым халық Ата заңда анық көрсетілген дауыс беру құқығын пайдалану үшін не істеуі керек? Ең алдымен, сайлау учаскесінде тіркелуі маңызды. Кәмелет жасына толған азаматтардың барлығы дауыс беруге құқылы және олар тұрғылықты мекенжайына байланысты белгілі бір учаскеге тіркелген. Егер сіз сайлау күні басқа қалада немесе шет мемлекет аумағында болсаңыз, онда алдын ала сайлау учаскесіне барып тіркеуге тұра аласыз. Осылайша өзіңіз қалаған жерде жүріп-ақ таңдау жасау мүмкіндігін иеленесіз.

Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек болғалы тұр. Осыған дейін кандидаттар белгілі бір партияның атынан түсетін. Әсіресе билік басында отырған адамның өзі басқаратын партия атынан сайлауға түсуі және жеңіске жетуі елдегі саяси алаңдағы ашық бәсекелестікке тұсау салғандай әсер беретін. Биылғы саяси реформалардың бір жаңалығы – президент лауазымында отырған адамға қандай да бір саяси ұйым мен партияның мүшесі болуға тыйым салу. Бұл – елдегі саяси партиялар арасындағы әділ бәсекелестік пен тең дәрежеде дамуға қолайлы мүмкіндік беріп отыр.

Сөз басында демократиялық құндылықтар туралы қозғадық. Яғни халықтың пікірін ескеру. Қоғам белсенділері мен саясаткерлер бұған дейін сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсы» деген бөлім енгізу мәселесін көтеріп келген болатын. Өйткені саяси додаға түсіп жатқан кандидаттардың ешбірі сайлаушының қолайына сай келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істейді? Дауыс беруге бармай үнсіз қала ма? Ондай жағдайда азаматтың таңдау жасау құқығы шектеледі ғой. Ал бұл бөлімнің енгізілуі қарапайым көпшілікке өз пікірін білдіру мүмкіндігін ұсынып отыр.

Иә, сайлауға қатысу немесе қатыспау – азаматтардың өз еркіндегі дүние. Заң талабы бойынша, дауыс беруге немесе бермеуге ешкім мәжбүрлей алмайды. Дей тұрғанмен мемлекет болашағы айқындалар маңызды кезеңде таңдау жасап, азаматтық ұстанымын таныту маңызды міндет екенін де естен шығармаған ләзім.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ