Құстарға қамқорлық – мейірім белгісі

Құстар – табиғат санитары. Олардың қоршаған ортаны қорғаудағы еңбегі көп жағдайда көзге елене бермеуі мүмкін. Әйтсе де бір сәтте құс атаулы жоғалып немесе саны азайып кетсе, экологияға орасан зор зиян келер еді. Сондықтан құстар әлеміне барынша қамқорлық көрсеткен абзал.

Республика күнін мерекелеу аясында Қарағанды қаласындағы Орталық саябақта оқушылар арасында «Үздік құс ұясы» байқауы өткізілген болатын. Танымдық тағылымы зор шара «Жанашыр жүрек» халықтық қайырымдылық акциясы және «25 игі іс» жобасын жүзеге асыру аясында қолға алынған.

Бұл байқаудың бір ерекшелігі – балалар өздері әзірлеген ұяларды әкелумен қатар оны қалай дұрыс жасау керегі туралы да мол мағлұмат алды. Қаламыздың белсенді тұрғыны Сәкен Келдібаев қатысушыларға шеберлік сыныбын өткізіп, ұя жасау және оны ағашқа дұрыс орнату әдістерін түсіндірді.

Бір қуанарлығы – құстар әлеміне қамқорлық танытуға бүлдіршіндердің белсене атсалысқаны. Олар Орталық саябаққа 70 ұя жасап әкелген екен. Ұя әзірлеуде әр оқушы өз қиялына ерік беріп, түрлі формада дайындап, көңіл қалауына сай әрлеген екен. Байқау қорытындысында үздік танылған жұмыс авторларына естелік сыйлықтар табысталды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»