«Көк тудың желбірегені…»
Республика күнін мерекелеу аясында қаламызда «Қыран елім – Қазақстаным» патриоттық акциясы ұйымдастырылды. Басты мақсат – жастар бойындағы ұлттық намысты жанып, Отанға деген махаббаты жалындату. Шараға қарағандылық белсенді жастар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Иә, 25 қазан – ел тарихында алтын әріппен жазылатын айтулы күн. Оны мерекелеу 1992 жылдан бастап жалпыхалықтық сипат ала бастаған еді. Ал 1995 жылы ресми мереке ретінде күнтізбеге енгізілді. Әйтсе де кейін билік басындағылар халықтың ықыласына бөленген күнді мерекелер санатынан шығарып тастап, 13 жыл бойы тойланбай келген еді. Тек биыл ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қайтаруды ұсынды. Халық бұл ұсынысты қуана қолдап, ыстық ықыласпен қарсы алды.
Қарағанды қаласының Ту алаңында ұйымдастырылған «Қыран елім – Қазақстаным» патриоттық акциясына 1 500-ге жуық жас қатысты. Олар көк байрақты желбіретіп әнұран шырқады. Белсенді азаматтар көп алдында жалынды сөз сөйлеп, ұлттық рухты асқақтатуға шақырды.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ,
«QH»