«Armanǵa jol – 2022» спорт мерекесі

Қарағандыда Республика күніне арналған «Armanǵa jol – 2022» марафоны өтті. Шараға үш мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде қарағандылықтар ғана емес, басқа қалалардан, тіпті көрші елдерден келген қонақтар да болды. Бұл – Орталық Азиядағы жоғары дәрежеде ұйымдастырылған ең ірі жүгіру жарыстарының бірі, негізгі қашықтығы 21 км 97,5 м болатын қалалық спорт мерекесі.

Қолайсыз ауа райына қарамастан «Armanǵa jol – 2022» марафоны жоспардағыдай сәтті өтті. Таңертеңгі сағат 10-да орталық көшелердің бір бөлігі көлік қозғалысы үшін жабылды, осылайша жүгірушілер үшін ыңғайлы жағдай жасалды. Жарыс Тәуелсіздік алаңында басталды.

Жарысты бірінші болып 8 жастан 13 жасқа дейінгі балалар бастады. Оларға 20 минут ішінде ең қысқа 2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өту тапсырмасы берілді. Ұлдар арасында бірінші орынды қарағандылық Виталий Красиков, ал қыздар арасында Сабина Крышкина иеленді.

Балалар арасында 2 шақырым қашықтықтағы екінші орынды Астанадан келген Медина Мақұлжанова және Шығыс Қазақстан облысынан келген Дмитрий Спасский иеленді.

Жарыс басталар алдында балалар мен жартылай марафонның басқа да қатысушыларын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қарсы алды. Ол бұл жарыста жеңімпаздар болса да, жеңіліс табатындар болмайтынын атап өтті.

– Мен сіздерді келе жатқан Республика күнімен және бүгінгі спорт мерекесімен құттықтаймын. Бүгін мықтылар жеңетініне сенімдімін, бірақ жеңілгендер болмайды. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Ербол Әліқұлов.

Облыстық жеңіл атлетика олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Нұрлан Түсіповтің айтуынша, марафонға барлығы 3 600 адам тіркелген. Барлығы 3000 нөмір таратылған.

– Бүгін бізге жартылай марафонға Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресейден қонақтар келді. Негізінен, келген барлық қонақ 21 шақырым қашықтыққа қатысады. Бұл қашықтықта барлығы 163 қатысушы бар.

Айта кету керек, бұрын мұндай 21 шақырымдық марафонда бізде тек 60-тан астам қатысушы болған, сондықтан осы жартылай марафонға қатысу көрсеткіштері біз үшін маңызды. Біз азаматтарымыздың спортқа көбірек араласып, көңіл бөліп жатқанына өте қуаныштымыз, – деп қосты Нұрлан Түсіпов.

Жартылай марафонның қорытындысы бойынша, ерлер арасында 21 шақырым қашықтықты Ресейден келген Михаил Куликов, әйелдер арасында Қостанайдан келген Татьяна Нерознак еңсерді. Осы қашықтықтағы жеңімпаздар 350 000 теңгенің сертификатымен марапатталды. Екінші және үшінші орындарды Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларынан келген қонақтар алды.

66 жастан асқан ерлер мен әйелдер арасында 14 шақырым қашықтықтағы көшбасшылар талдықорғандық Биебол Тілемісов және астаналық Амелгульсин Мұсылманова болды.

51-65 жас санаты арасында 14 шақырым қашықтықтағы жеңімпаздар Сергей Поликарпов (Қостанай) және Нелли Медведева (Степногорск) болды. 35-50 жас санатындағы 14 шақырым қашықтықты қостанайлық Александр Адушкин және Татьяна Миргородская (Павлодар) бірінші болып еңсерді. 18-34 жас санатында Алматы тұрғындары Максим Фроловский мен Екатерина Сысоева 14 шақырым қашықтықтың көшбасшылары болды. Осы санаттағы қыздар арасында екінші орынды қарағандылық Екатерина Щипкова иеленді.

7 шақырым қашықтықтың жеңімпаздары Алматы қаласының тұрғыны Нұрдәулет Медеубаев және астаналық Кристина Окладникова болды.

Марафонға ұжымдық бірлік көрсетіп, спортқа деген ынта танытқан бірнеше ірі кәсіпорын да болды. Солардың бірі – Қарағанды құю-машина жасау зауытының қызметкерлері. Өңіріміздегі ірі өнеркәсіп орнының атынан 6 адам қатысқан.

– Қазақстан Республикасы күніне арналған 7 шақырымдық марафонға қатыстым. Әріптестерімізбен көптеген жағымды эмоция алдық. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ауқымды мөлшерде адам жиналды. Бұл қазақстандық марафоншылардың спорттық рухын растайды. Осы шараны ұйымдастырушыларға қатысуға және өзімізді көрсетуге мүмкіндік бергені үшін үлкен алғыс білдіремін, – деп бөлісті ҚҚМЗ қызметкері Марат Әдеханұлы.

Жалпы, Қарағанды жартылай марафоны 4 сағатқа созылды. Қатысушылар қашықтықты бағындырып жатқанда, алаңда қарағандылық әртістер мен фитнес жаттықтырушылардың қатысуымен шоу бағдарлама өткізілді.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»