Санаға – серпіліс, болмысқа – қозғалыс

Өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғына қарай белгілі-белгісіз себептермен Кеңес Одағының идеологиясының іріп, шаруашылығы шіріп, мемлекеттік құрылысы қожырау үдерісі бел алды. Одақтас республикалар бірінен соң бірі өз егемендіктерін жариялай бастады. Мұндай декларацияны алғаш рет 1988 жылдың 16 қарашасында Эстон Республикасы қабылдады. 1989 жылдың 18 сәуірінде Литва қабылдады. Сол жылдың 29 шілдесінде Латвия егемендігін жариялады. Әзірбайжан, Грузия, кейін Ресей декларация қабылдап, Өзбекстан, Молдова, Украина, Белоруссия, Түрікменстан мен Армения, Тәжікстан осы шеруді жалғастырды. Ең соңында Қазақстан мен Қырғызстан (15 желтоқсанда) өз егемендіктері туралы декларация қабылдады.

Қырғыздардың өзі егемендігі жайлы құжатқа бізден біршама кештеу қол қойса да, тәуелсіздігін бізден бұрын, яғни 1991 жылдың 31 тамызында жариялапты. Осы тұста «Неге соңынан қабылдады?» деген үлкен сұрақ туындайды.

Иә, ол кезде жағдай тым қиын еді. Басқаны айтпағанда, демографиялық ахуал қазіргімен мүлде салыстыруға келмейтін-ді. Оның үстіне, қарапайым адамдар түгілі, саясаткерлердің бәрі дерлік кеңес қоғамында болып жатқан ауқымды да күрделі өзгерістердің барысы мен салдарларын санасына сыйғыза алмады. Жоғары биліктің өзінде абдырау, іштей күйзелу, әрі-сәрі толқу белең алып тұрды. Билікте де, жалпы қоғамда да түрліше ойлайтын, әртарапты жетекте жүрген топтар болды. Оның үстіне, еліміздің солтүстігі мен шығысында, қалаларда қазақтардың үлесі өте аз болды. Еліміздің солтүстігін «Ресейдің жері» деп санайтын шенді-шекпенділер де бар еді… Жалпы, бұл туралы кезінде заңғар жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев терең талдап айтқан еді.

Талай жылдан бері өзара қайшылықты 16 және 17 желтоқсан күндері қатар аталып келді. Бірі тәуелсіздік жариялаған күн болса, екіншісі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісімен байланысты жарияланған Қазақстанның Демократиялық жаңғыру күні деп бекітілген еді. Ішкі мазмұны сай келгенімен, бірі салтанатты, екіншісі қанды сипатқа ие осы бір екі датаның қатар келуі, қатар аталуы белгілі бір деңгейде санада кереғар құбылыстар туғызатыны – шындық. Екі дата да аса маңызды. Екеуінің де аса бір аязды күндерге тап келуі түрлі ойға жетелейтін. Бір заманда Қазақстанның автономия алған күні (1920 жылғы 26 тамыз) мереке ретінде күнтізбеде тұрушы еді.

16-17 желтоқсаннан кейін Жаңа жыл мерекесі тиіп тұр. Соған байланысты көптеген сауда орталықтары Тәуелсіздік пен Демократиялық жаңғыру күндерін белінен басып, желтоқсан басталмай жатып-ақ жаңажылдық жарнамаларына кірісіп кететін.

Шындығында, еліміздің жаңаша тарихын қалыптастыруға бастапқы қадамның ішіндегі елеулісі – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Егемендік декларациясы». Қанша дегенмен, ауа райының жылылау кезіне орайлас бұл күнді Республика күні деп атап өту бұрын бар еді. Кейін сол дәстүр үзілді. Енді жаңғырып жатыр. Мұны санаға серпіліс, болмысқа қозғалыс беретін сәтті қадамның бірі деп санаймын.

Болат СЫЗДЫҚ,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры,

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі