Ескі қала естеліктері
Қазақстанның орталық және шығыс аймақтарындағы мол қазына-байлық Кеңес өкіметінің назарын осы өңірді игеруге аударды. Соған байланысты 1931 жылдың шілдесінде Алматы қаласында солтүстік-шығыс Қазақстанның өндірістік күштерін дамыту жөнінде бірінші конференция өтеді. Онда Қарағанды өңірін зерттеген инженер-геолог Дмитрий Бурцев белгілі ғалымдардың алдында осы өңірдің жерасты қазба байлықтары туралы баяндама жасаған. Кеніштің алдағы тағдыры осы конференцияның шешімімен байланысты еді. Шынында да, Алматы конференциясы Қарағанды кенішінің өмірінде тарихи рөл атқарды.
1930 жылдың мамырында келіп, Үлкен Михайловкадағы Жоғарғы көшеден үй жалдап тұрған Д.Бурцевтің тобы Гапеевтің зерттеулерін басшылыққа ала отырып, кеніштің жерасты байлығының жүйелерін анықтады. Олар Қарағанды көмірі үш бағытқа жүйеленді дегенге тоқталады. Алғашқысы Ескі Тихоновкадан болашақ №3 шахтаға дейінгі, екіншісі Майқұдық аумағы, үшіншісі Жаңаөзен мен Үлкен Михайловканы сабақтастырған. Бурцевтің тапсырмасы бойынша барлау партиясының топографы аумақтың топографиялық суретін дайындады.
Міне, Алматы конференциясында осы және басқа да атқарылған істер ортаға салынды. Соның қорытындысында оң шешім қабылданып, ол жоғарыға жөнелтілген.
Осыдан сәл бұрын Орталық Қазақстанның индустриялық даму қарқынын жеделдетуге баса көңіл бөлініп, В.Куйбышевтің төрағалық етуімен КСРО Халық шаруашылығы Жоғарғы кеңесінің президиумы «Республиканың қазақ көмір құрылысы» тресіне қарасты көмір кәсіпорындарын салу ісін мемлекеттік басқару туралы» ереже бекіткен болатын. Трест басқарушысы болып көмір өнеркәсібінің білікті ұйымдастырушысы Корней Осипович Горбачев тағайындалады. Міне, Алматы конференциясы жаңадан басталған осы істі одан әрі ширату мақсатында ұйымдастырылған болатын. 1931 жылдың каңтарында дербес «Қарағандыкөмір» пайдалану тресі құрылады. Оған шахталар салу және іске қосу жұмысы тапсырылды.
1931 жылғы 21 қаңтарда Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Еңбек және қорғаныс кеңесі «Қарағанды кенішін дамыту жоспары туралы» арнайы қаулы кабылдады, онда КСРО Жоғарғы Халық шаруашылығы кеңесінің 1931 жылы Қарағанды ауданында 16 шахта салу жөніндегі шешіміне келісім беріледі.
Кеніштің шапшаң дамуына оның орталықтан, сыртқа шығатын жолдардан қашықтығы үлкен кедергі болады. Үлкен міндеттерді шешу үшін алдымен жол байланысы мәселесін айқындап, шешіп алу қажет еді. Көп күш-қайрат жұмсап, істі ұтымды ұйымдастыру нәтижесінде Петропавл-Ақмола теміржолы Қарағандыға дейін тартылып, Қарағандыға тұңғыш поезд 1931 жылдың 1 ақпанында келді. Осыдан соң-ақ жаңа өндіріс орнына ағылып шахта жабдықтары, құрылыс материалдары, азық-түлік тиелген вагондар келе бастады.
Осы 1931 жылдың 20 наурызында бассейн құрылысы аумағында пайда болған елді мекеннің маңызын ескеріп, оның болашағын болжай келе, сонымен қоса Қарағанды аумағына бірегей шаруашылық бағытын беру мақсатында Қазақ Орталық атқару комитетінің секретариаты Қарағандыны аудан құрамынан бөліп, жеке бюджеті бар әрі Орталық атқару комитетіне тікелей бағынатын Қарағанды поселкелік кеңесін құру туралы мәселені қарайды. Жаңадан құрылған поселкелік кеңестің орталығы Үлкен Михайловка селосы болып белгіленді.
Қарағанды өңірінің дамуы мен оның болашағы үшін БКП(б) Орталық комитетінің 1931 жылғы 15 тамызда қабылдаған «Көмір және кокс ресурстарын молайту туралы» қаулысының маңызы үлкен болды. Сол қаулыда: «Қарағанды бассейнінің географиялық жағдайы, көмірдің орасан мол қорының болуы, оның кокстелетіні, көмір қабаттарының қолайлы орналасуы Қарағанды көмір кеніші негізінде КСРО-ның қуатты үшінші көмір базасын жасауды талап етеді», – деп атап өтілген. Осы тарихи шешім Карағанды бассейнінің елдің отын базасын дамытудағы халық шаруашылығы маңызын белгіледі, әрі Бүкілодақтық үшінші көмір ошағының қауырт өркендеуінің бастауы болды.
Иә, сол отызыншы жылдардың басында Арқа төсіндегі жаңа шаһардың іргетасы қалана бастады. Атап өту керек, қала құрылысы мен шахталарды іске қосу зор қиыншылықтармен жүргізілді, техника мен жабдықтар кешеуілдеп жетті. Материалдық жабдықтау нашар болды. Қала салушылардың тұрғынжайлары да сын көтермеді. Өндіріс орындарының, шахталардың құрылысы бірінші кезекке шығып, тұрғын үй салу мәселесі ысырылып қала берді. Жұмысты екі бағытта жүргізуге күш-қуат жетпеді.
Қала құрылысы мен шахта салу ісі, өндіріс ошақтарын ашу, өңірді геологиялық барлау ісімен сабақтастырыла жүріп жатты. Көмірдің мол қоры шоғырланған аймақ екені дәлелденгенімен, оның нақты мөлшері қанша деген сауалға жауап әлі берілмеген. 1933 жылы Д.Бурцев бірқатар маңызды геологиялық зерттеу жұмыстарын жүзеге асырды. Ол Г.Кассин және Г.Медоевпен бірлесе отырып бассейннің геологиялық картасын жасау жұмысын аяқтайды. Тұңғыш рет Қарағанды кенішіндегі көмір қорының мөлшері қанша деген сауалға жауап берілді. Бурцевтің тобы дайындаған есепте ол 50 миллиард тонна деп белгіленеді. Ал Орталық комитет бірқатар түзетулерді, ескертпелер мен тұжырымдамаларды басшылыққа ала отырып, Қарағанды аймағының таскөмір байлығы 32 миллиард тонна деген шешім шығарады. Бұл сан ұрпаққа жетер ұлан-ғайыр байлық еді. Ендігі жерде осы өңірді игеріп, жер астының мол байлығын жүйелеп алып, игілікке жарату міндеті тұрды. Қарағанды поселкесі жыл емес, ай сайын өсті. Одақтағы үшінші көмір ошағының іргетасы қалана бастады.
1931 жылы 8 ақпанда Қарағанды орталық ауданы Үлкен Михайловка болды, ол кейінірек Қарағанды қаласы құрамына кірді. Аудан комитетінің өтініші бойынша халықтың білімін көтеру үшін Алматы оқу орындарынан көптеген студент жіберілді. Олардың көмегімен білімді жақсарту бағытында 33 бекет құрылды.
1930 жылы Қарағанды ауданында жылжымалы 2 мектеп болды, жазда 2 апталық хатшылық курстар жүргізіліп отырды. 5 саяси мектепте 92 адам оқыды. 1931 жылы барлығы 15 саяси мектеп, оның ішінде 3 кеңес партия мектебі, 2 саяси үйірмесі, 2 комсомол үйірмесі, 1 қыздар мектебі, ауылда 5 саяси мектеп (колхозда 4) болды.
1931 жылғы ВСНХ және Еңбек Кеңесі және Қорғау қаулысы бойынша Қарағанды қаласы ірі өндірістік база және теміржол торабының ошағы деп танылды. Осы қаулының негізінде Қарағанды қаласында 12 шахта, теміржол торабын Ақмоладан Қарағандыға дейін жеткізу және көмір өндірісіне қатысты басқа да шұғыл шаралар қабылданды. 1931 жылы ақпан айында Қазақ өлкелік БКП Қарағанды қаласын жеке әкімшілік аудан ретінде қарастыру жөнінде шешім қабылдады.
1931 жылдың аяғында Қарағандыда 37 мектеп ашылды, оның ішінде 17-сі қазақ мектебі болды. Кен техникумы 600 адамға өз жұмысын бастады. Мектеп пен техникумдарға 150 мұғалім мен оқытушы келді. Балабақшалар да ашылды.
1931-1932 жж. аралығында республика еңбекшілері Қарағандыға 2 мәдени эшелон (кітаптар, радио торабтары, кітапханалар және басқа да мәдени қажеттіліктер) жіберді.
Жергілікті комитеттің тұрақты жұмысының бірі Қарағанды кеншілерін азық-түлікпен қамтамасыз ету болды. Қазөлкеком БКП(б) бюросы 1932 жылдың қаңтарында қаулы қабылдады. Онда жұмысшыларды үздіксіз нан, етпен қамтамасыз ету мақсатында, қаулыда бекітілгендей, Қарағандыда «Союзхлеб» базасын, ет комбинатының құрылысын бастауды тапсырды. Жоспарға 6 дүкен, 2 қойма ғимараты, 2 жеміс сақтау әмбебап дүкені кірді. Бұл мәселе текке көтерілген жоқ еді. Себебі елді «аштық апаты» жайлады, көршілес ауылдардан аштыққа ұшырай бастаған халық легі толастамады. Өндіріс орындарына тек орталық аудандардан ғана емес, жергілікті халықтың қомақты үлесі келіп қосылды.
Аршабеков Т.Т.,
Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы