ҚАЛА ҮЙЛЕРІНДЕГІ ЖЕТІ ЖҮЗ ЖЕДЕЛСАТЫ ЕСКІРІП ТҰР

Қарағанды қаласындағы өзекті мәселелердің бірі – көпқабатты тұрғынүйлердің қолданыстағы нормативтік мерзімі өткен лифтілерінің көптігі. Осынау өзекті мәселе жайында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Бейсен ҮСЕНОВ мырзамен сұхбаттасып, халыққа мемлекет ұсынатын тиімді ұсыныстар туралы мәліметтерге қанықтық.

— Бейсен Қабдуалиұлы, ауданда жалпы саны қанша лифт бар және қаншасы ауыстырылды?

— Ауданда 1005 лифт бар, оның ішінде 978 лифт жұмыс істейді, 27- сі жұмыс істемейді, 685 лифтіде нормативтік пайдалану мерзімі аяқталған (68%). 2011-2020 жылдар аралығында тұрғындар мемлекеттік бағдарлама есебінен 57 лифтіні ауыстырды.

 – Нормативтік мерзімі өткен лифтілерді не істейсіздер? Олар жұмысын жалғастыра ма?

— Жоғарыда айтқанымдай, нормативтік мерзімі өткен 700-ге жуық лифтілердің жұмысын тоқтатуға мәжбүрміз. Себебі оларды алдағы уақытта пайдалану тұрғындар үшін қауіпті. Бұл жағдайдан шығудың негізгі жолы — лифтті жаңасына ауыстыру. Мәселені шешуде тұрғындардың екі таңдауы бар:

1) лифтіні өз бетінше тапсырыс беру арқылы алып, сондай-ақ орнату жұмыстарын ұйымдастыру және шыққан сомманы төлеу. Бірақ бұл жағдайда әр пәтерден үш жүз немесе төрт жүз мың теңге көлемінде қаражат кетеді. Бұл шамамен 12 млн теңге болатын көрсеткіш.

2) Мемлекет тарапынан ұсынылатын екінші нұсқа — Нұрлы Жер 2020-2025 бағдарламасына қатысу. Бағдарламаның аясында тұрғындарға бұл соманы жылдық 0.1% — бен немесе жылдық 6% — бен бөліп төлеуге (7 немесе 8 жыл) мүмкіндік беріледі.

Бұл — мемлекет ұсынып жатқан ерекше мүмкіндік. Алайда біздің ауданда 2020 жылы 19 лифт қана ауыстырылды. Ал биыл тұрғындар 6 лифтті ауыстыруға ниет білдіріп, барлық құжаттарын жинады. Тағы қосымша 3 лифт бойынша құжаттарды жинау жұмыстары аяқталуда. Нормативтік мерзімі өткен лифтілері бар үйлердің тұрғындарына бағдарлама тек 2025 жылға дейін жалғасын табатынын және лифтілердің саны шектеулі екендігін тағы бір ескерткіміз келеді.

– Аталмыш бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар қандай құжаттар тапсыруы керек?

– «Нұрлы Жер 2020-2025» бағдарламасына қатысып, лифтіні ауыстыру үшін тек 5 құжат қажет:

1) кондоминиумды тіркеу туралы куәлік;

2) үйдің техникалық төлқұжаты;

3) жер учаскесінің актісі;

4) жер учаскесін бөлу туралы әкімнің шешімі;

5) тұрғындардың жалпы жиналысының белгіленген формадағы хаттамасы.

— Бағдарлама бойынша лифтті ауыстырудың артықшылықтары қандай?

– Біріншіден, ең маңызды мәселе – қауіпсіздік. Екіншіден, жайлылық. Үшіншіден, ескі лифтке әртүрлі қосалқы бөлшектерді жөндеу немесе сатып алу үшін үнемі ақша жинау керек. Ал бағдарлама арқылы жаңа лифтке ауыстыру артық шығыннан арылуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, төлемді бөліп төлеуге болады. Бесіншіден, табысы аз азаматтар үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі, сол арқылы соманың бір бөлігін төлеуге көмек көрсетіледі. Алтыншыдан, үйдің және жеке пәтерлердің құны артады. Сонымен қатар, тұрғындар өз қаражаттарына сатып алатын болғандықтан, жаңа лифтке ұқыпты қарайтынына сенімдіміз.

Бұдан бөлек, тағы бір маңызды аспект — лифт орнатумен қарағандылық компаниялар айналысатын болады. Бұл пандемия жағдайында біздің қаламыздың тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, мүмкіндіктер береді.

– Рақмет!

 

Айта кетейік, «Нұрлы жер» — тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1054 қаулысымен «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (ҚР Үкіметінің 08.06.2020 №357; 18.08.2020 № 520; 15.12.2020 №849 қаулыларымен өзгертулер енгізілді) (бұдан әрі — Бағдарлама) бекітілді, ол тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа тетіктерін біріктірген және бұрын қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламалар — 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша әрекет еткен. Бағдарламаның мақсаты — тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жайлылығын арттыру және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту. «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы лифт жабдықтарын жөндеу және ауыстыру, техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын мамандырылған техникалық сараптама ұйымының қорытындысы негізінде жөнделуге және ауыстыруға тиіс лифт жабдықтарының тізбесін қалыптастыруды жүзеге асырады. Сондықтан, қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін қала тұрғындарын нормативтік мерзімі өткен лифтілерді ауыстыруға шақырамыз!