25 ЖАСҚА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ
Онлайн режимде Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов Қарағанды қаласының колледждері мен жоғары оқу орындарының түлектерімен, жас мамандармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында әкім орынбасары жас мамандарды ағымдағы жылдың маусым айында басталған «Бірінші жұмыс орны» жобасы туралы хабардар етті.
Бұл жоба «Nur Otan» партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалдындағы бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленді және жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға арналған.
Осы жоба арқылы жастар жұмыс тәжірибесіз, кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналаса алады.
Жоба бойынша жұмысқа орналастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген оқу орындарының түлектері, 29 жастан аспаған жастар қатарындағы жұмыссыз адамдар, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санаты үшін жүзеге асырылады.
Жалақы мөлшері 20 АЕК (58340 теңге) құрайды. Жұмыс берушімен жасалған шарттың талаптары бойынша орындалатын жұмыстың көлемі мен күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді.
Бүгінгі күні жоба шеңберінде қалалық бюджеттен жалпы сомасы 10,2 млн. теңгеге жалақыны субсидиялай отырып, 25 жұмыс орны құрылды. 12 ұйыммен келісімшарт жасалды, бүгінгі күні әртүрлі мамандықтар бойынша кадрларды іріктеу жұмыстары жүргізілді, соның ішінде электромонтер, тігінші, корпустық жиһаз шебері, электргазбен дәнекерлеуші, электр монтаждаушы, станокшы, туризм жөніндегі менеджер, бағдарламашы, іс жүргізуші, мұрағатшы, заңгер, экономист және т.б. бар.
Кездесу аяқталғаннан кейін 25 жас адамға алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.