Жылу маусымына дайындық пысықталды

Қарағанды қаласында жылу маусымы басталды. Әйтсе де кей әлеуметтік нысанды қосу кешеуілдеген. Бұл туралы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында айтылды. 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қорытындыланған жиынға депутаттар, пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Биыл қаладағы жылу желілерін жаңартуға 446 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, 7,7 шақырым құбыр қалпына келтірілген.

– Биыл жылу орталықтары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сұрыптау станциясы аумағында жылу желілерін қоршау шаралары атқарылды. Бір ғана елді мекеннің аумағында 5,5 шақырымды қамтитын жұмыс жасалды. Алты көшенің бойында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді, – дейді қалалық ТҮКШ мәселелерін үйлестіру бөлімінің жетекшісі Дәулет Маханов.

Қаланың Әлихан Бөкейхан ауданындағы тоғыз жүзге тарта нысан жылу маусымына толықтай дайын болған. Жаз бойы аудандағы 175 тұрғын үйде түрлі бағыттағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дәл сол тәрізді Қазыбек би ауданы аумағындағы жаңадан бой көтерген нысандарды да жылу желісіне қосу жұмыстары қолға алынды. Әйтсе де дер кезінде дайын болмай, жылусыз қалып қойған нысандар да бар. Бұл туралы қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов айтып, коммуналдық қызмет өкілдерін сынға алды.

– Алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу берілуін қадағалау керек. Қаладағы №3 емханаға қатысты орын алған олқылықтар дер кезінде жойылуы тиіс. Ол жерге дертіне дауа іздеген адамдар мен балалар барады. Қажет құжаттарды дер кезінде реттеулеріңізді сұраймын, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Бұдан бөлек қаладағы білім ошақтарының жылу маусымына дайындығы да пысықталды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшімнің мәлімдеуінше, қазіргі таңда қажетті 4 мың тонна көмір мектептерге жеткізілген.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»