1,5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ САЛЫНҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ ТӨРТ ЖЫЛДА ЖАРАМСЫЗ БОЛЫП ҚАЛДЫ

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысында тұрғызылуы он жылға созылған, сот істеріне сай құрылысы екі мәрте кейінге шегерілген, нәтижесінде алты жыл қаңырап бос тұрып, тұтынысқа зорға берілген ғимарат бар. Көзі кеміс балалардың игілігіне берілген бұл нысаннан тағы да береке қашты.

Қарағанды қаласының ОңтүстікШығысында орналасқан көзі нашар көретін балаларға арналған мектепинтернат нысаны қауіпті жағдайда. О баста сақалды құрылыс сан мәрте сынға қалған. Бірнеше жыл бой көтеруі проблема болған бұл нысан жайлы талай мәрте жазылды, айтылды. Айта кету керек бұл нысан былтырғы жылдың 23 шілдесіне дейін «Қарағанды облысының құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансында болған. Яғни, о баста мердігер компаниядан ғимаратты қабылдап алушылар да солар. Білім басқармасы балансына өткеніне бір жыл толмай жатып шикілік анықталды. Интернат басшылығының айтуынша ғимаратты қабылдап алғанда ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етер халде болған. Осыдан кейін балалардың бас амандығын бірінші орынға қойған басшылық техникалық тексеру жұмыстарын жүргізу қажет деп ұйғарған. Нәтижесінде 2020 жылдың қазан айында Казтехэспертиза ЖШСнің №124 қорытындысы жасалды. Онда мектеп-интернаты ғимаратындағы 8 блоктың 2,7 блогы апатты деп танылды. Спортзал, сыныптар, жатақхана орналасқан блоктың шатыры қауіпті жағдайда. Одан бөлек жарық пайда болып, қабырға біршама қисайған. Шешім бойынша әлдекімнің ғимарат аумағына кіруіне рұқсат жоқ. Дегенмен, мамандар сараптамасы көрсеткендей, бұл екі блокты жөндеп, қалпына келтіруге болады. Интернат жұмысы биылғы жылдың 8 маусымындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімімен уақытша тоқтатылды. Төрт жылда төбесі қаңырап, арматурасы ажыраған бұл білім беру нысанын тұрғызу үшін 1,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Тұрғызылуы жыр болған, жарамдылығы мұң болған проблемалы ғимаратқа тағы да қаржы жұмсалмақ. Нақты айтқанда, ЖСҚ (жобалық сметалық құжат) әзірлеу үшін 18 млн теңге қаржы қарастырылып, конкурс жарияланды. Бүгінде бұл байқауды шымкенттік «Су Құрылыс Проект» компаниясы жеңіп алды. Енді мемлекеттік сараптамадан мақұлданса, жұмсалар қаражат нақталанатын болады. Ал ғимараттың негізгі құрылысына жауапты мердігердің тегін жөндеу жұмыстарын жүргізетін кепілдік мерзімдегі үш жылы өтіп кеткен. Бірақ Білім бақармасы өкілінің айтуынша құрылысшылар қаржылық жауапкершілікке тартылады.

Ендігі міндет – 98 оқушы мен ұжымдағы 113 адамға уақытша басқа ғимарат табу. Көру қабілеті зақымданған балаларға арналған № 1 мектеп-интернатының директоры Айман Тілегенова түбегейлі соқыр балалар үшін жаңа нысанға бейімделу қиын болатынын айтуда. Өйткені проблемалық бұл ғимарат дәліздері кең етіліп, бөлмелері де арнайы жасақталған. Қалай болғанда да уақытша қиындыққа төзбеске амал жоқ. Себебі балалардың бас амандығы, қызметкерлердің қауіпсіздігі бірінші орында. Коммуналдық мемлекеттік мекеменің бұл жолғы жөндеу жұмыстары барлық техникалық нормаларға сай болады дегенге сенгіміз келеді. Әйтпесе айналасын бағдарлауы қиын, көз жанары нашар көретін балғындар үшін мектеп ауыстыру бұл жай ғана көшу емес. Сананы жаңа нысанға бейімдеу өзіндік бір соққымен тең.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH».