90 жылдыққа арналған жоба
Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай «Құмыра қыш» ісінің жобасы атты шеберлік сабақтары өтті. Қыштан құмыра жасау ісіне қала тұрғындары айтарлық қызығушылық білдірді. Саябақтағы шеберлік сабағына келушілер қатары сан алуан.
Қаламыздың орталық саябағында орналасқан киізүйдің ішінде қыш өнерін үйренулеріңізге болады. Қыш құмыра жасаудың қыр-сырын үйретуші шебері күнделікті 12:00-ден 18:00-ға дейін қыш құмыра жасап үйренуге ниетті тұрғындарға дәріс өткізуде. Айта кетейік, қыштан бұйым жасауға жас та, қартаң жандар да қызығушылық танытып отыр. Қыш өнері көнеден келе жатқан кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Алайда өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді.
– Бұл жоба, Қазақстан бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Бүкіл Қазақстан бойынша, мәдениетті көтеретін дүниелердің бірі. Баланың моторикасын, қызығушылығын арттырады. Зейін қойып, ойындағы затты жасау арқылы, креатив қалыптастырады. Жалпы бұл іске балалар ғана емес, үлкен адамдар да келеді. Және сергіп, тыныштандыратындығын жеткізді. Ұлттық өнерді дамыту осы жобадан бастау алады, – деп атап өтті қыш құмыра жасауды үйретуші шебер Айдын Ардақұлы.
Сондай-ақ шебер саз таңдау ісіне бей-жай қарауға болмайтындығын атап өтті. Кез келген жерден сазды қазып алып, құмыра жасау үшін қолдана алмайсыз. Себебі, ол саздың ішінде тас, қоқыс немесе шыны болуы мүмкін. Сондықтан егер қажеттілік туындаған жағдайда, сазды арнайы елеуішпен тазалып, пайдалануға болатындай қалыпқа келтіріп қолдануға болады.
– Балаларға өте қызықты, ешқашан мұндаймен айналысып көрмеген едік, ұнады. Және тегін, осындай қолөнер туындысы балаларға үлкен мүмкіндік. Мұны өздігіңнен жасай алмайсың. Шеберлік дәрістері саябақта өтіп жатқаны өте қолайлы. Әкімдікке үлкен рақмет осындай мүмкіндік бергеніне, шеберге де алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді қала тұрғыны Олеся Жунусова.
Айта кеттейік, құмыра жасау – онкологиялық аурумен ауыратын балаларға қол маторикасын дамытуға, баланың ойлау қабілетін жетілдіруге пайдалы. Тепе-теңдікті ұстауда да үлкен пайдасы бар.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»