75 жастағы чемпион

Қарағанды облысына қарасты Ақадыр кентінің тұрғыны Дәрібай Оспанов пауэрлифтингіден әлем чемпионы атанды. Америкада өткен байрақты бәсекеде жерлесіміз топ жарып жеңіс тұғырына көтерілді.

Дәрібай Оспанов пауэрлифтингімен 56 жасынан бастап 19 жыл бойы айналысып келеді. Ақсақал бұл спорт түрін таңдауының басты себебі балалары екенін айтты. Оның қос ұлы мен немересі де осы спортпен айналысады. Чемпиондар отбасы Остин қаласында өткен чемпионатта топ жарып, ұлы екеуі бір алтын, бір күмістен иеленді.

– Адам деген алдына мақсат қою керек. Соған жету керек. Қыркүйектің 18-інде Бішкекте Азия біріншілігі болады. Соған барамын. Сосын ендігі жылы мамырда Норвегияда Әлем біріншілігі болады, соған дайындаламын. Америка Құрама Штаттарында өткен байрақты бәсекеге 46 елден 960 спортшы қатысты. Сонда туымызды желбіреттік, – дейді пауэрлифтингіден әлем чемпионы Дәрібай Оспанов.

Аталмыш бәсекеге 46 елден 1000-ға тарта спортшы жиналды. Біздің жерлестеріміз кіл мықтыларды басып озып, Қазақстанның көк байрағын әлемдік аренада желбіретті. Әбдулкарим Қараман – Дәрібай атаның ұлы. Осы жарыста ол да қатарластарын қапы қалдырып жеңіс тұғырынан көрінді. Қазір ол – пауэрлифтингіден 5 дүркін әлем чемпионы.

– Классикалық жатып сығымдаудан 66 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атандым. Бұл салаға келмей тұрып әр түрлі спортпен айналыстым. Ағам мен әкемнің қолдауымен осы спортқа ауысып, жақсы нәтиже көрсетеміз деп жоспар қойдым, арманыма жеттім, – деп атап өтті әке жолын қуған, пауэрлифтингіден әлем чемпионы Әбдулкарим Қараман.

Жеңімпаздарды Спорт басқармасы құттықтап, оларға алғыс білдірді. Сонымен қатар спортшыларға арнайы сыйлық табыс етілді. Қарашада спортшыларымызды Бішкекте, келесі жылы Норвегияда өтетін біріншілік күтіп тұр. Дәрібай ақсақал мен ұлы қызу дайындықты бастап та кетті.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»