72 жасар желаяқ жер шарын айналып өтпекші

Қарағанды облысының Ақжал кентінде тұратын 72 жастағы желаяқ 40 мың шақырымды жүгіріп өтуге ниетті. Бір мезетте емес, әрине, бірнеше жыл ішінде. Бұл қашықтық Жер шарын экватор сызығымен айналып өткенге тең.

Әжібжан Жанасбаев ақсақал жергілікті кен байыту фабрикасында табан аудармастан 50 жыл еңбек еткен. Тау-кен цехында бұрғылаушылардың бригадирі, кейін механик болады. Осындай ауыр жұмыстарды атқарып жүрсе де, спортты тастаған емес. Күн сайын таңмен таласа тұрып, таза ауада жүгіреді. Мейлі жаңбыр жаусын, мейлі боран соқсын, соңғы 35 жылда бұл әдетінен жаңылған емес. Жүгірген соң міндетті түрде бірнеше мәрте белтемірге тартылып, кеудесін жерден көтеріп, біраз шынығады. 72 келі болатын зілтемірді оп-оңай көтереді. Қарияның бойындағы сарқылмаған қуаттың құпиясы – осы.

– 37 жасқа келгенде түрлі дерттер жабыса бастады. Жұмыста жастарға ілесе алмай қаламын. Содан күнделік аштым. Ал күнделік адамды тәрбиелейді, – дейді Әжібжан Жанасбаев.

Ақсақал қанша қашықтыққа жүгіргенін күн сайын күнделігіне түртіп отырады. Бұл – 1986 жылдан бергі қалыптасқан әдеті. Қазір 23 дәптерді толтырған. Жазбасына көз жүгіртсек, желаяқ 35 жылда 31 мың шақырым қашықтықты бағындырыпты. Ендігі мақсаты – 40 мыңға жеткізу. Күн сайын шамамен 5 шақырым жүгіреді десек, бұл межеге 5 жылда жетіп қалуы тиіс. Қария үнемі жаңа жылды стадионда қарсы алады екен. Түнгі 23:00- де үйінен шығып, орталыққа дейін жүгіріп барады. Сол дәстүрді биыл да қайталамақшы.

«Тәні саудың жаны сау» деген қағиданы ұстанатын Әжібжан Жанасбаев ауыл жастарын да барынша спортқа баулып келеді. Футбол үйірмесін ашқан. «Теңбіл допты тәуір тебетін таланттарды жазбай танимын», – дейді өзі. Ауылдағы талапты жастарды іріктеп команда құрған. Бұған қоса мектепте 50 балаға шахмат үйретіп жүр. Ең бастысы, бұл еңбегі үшін бір тиын ақы алмайды, тегін жаттықтырады. Қайырымды іске оны ешкім мәжбүрлемейді, жүрегінің қалауы. Сөйтіп, ақжалдық ағайынға қарт волонтер атанып отыр. Спортты жанына серік еткен ақсақал өнерден де құралақан емес. Бес бірдей музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Ақжал кентіндегі зейнеткерлердің басын қосып ансамбль құрған. Ал қазір мектепішілік «Шабыт» тобына жетекшілік етеді.

Асыл АЙБЕК,

«QH»