63 жастан асқан адамдардың 50,7%-ы алаяқтық әрекетті бірден байқай бермейді
Қаржылық технологиялар алаяқтарға жаңа мүмкіндіктер берді және осыған байланысты ақшасы бар, бірақ интернет-банкинг пен киберқауіп туралы хабары жоқ 63 жастан асқан адамдар негізгі қауіп аймағында. Алайда, «Робокэш.кз» МҚҰ мамандары қазақстандықтардың өздерін алаяқтардан қалай қорғауға болатындығы туралы кеңестерін берді. Цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін сақтай отырып, өзіңізді және жақындарыңызды тиімді қорғай аласыз.
Касперский зертханасының деректеріне сәйкес, Қазақстан тұрғындарының барынша көп саны зиянды бағдарламалық жасақтама шабуылдарымен және басқа да қаржылық қауіп-қатерлермен бетпе-бет кезігетін 10 елдің қатарына кіреді екен. Қазақстанда онлайн-алаяқтықтың өршуі пандемия кезеңінде және одан кейін көптеген адамдар қашықтан жұмыс істеп, онлайн-қызметтерді белсенді пайдалана бастаған кезде орын алды. 2022 жылы «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 43,5 мыңды (жылына +5,9%) құрады. Бұл жағдайлардың жартысынан көбі интернеттегі алаяқтық болды. 2023 жылдың тек екінші тоқсанында алаяқтардың әрекетінен 80 млрд теңге сомаға залал келтірілді.
Алаяқтардың жиі шабуылына ұшырайтындардың бірі жазбаша хабарларға және өзін ірі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдарға сенуге үйреніп қалған қарт адамдар. Бұны Ranking.kz өткізген зерттеу де растайды, ол зерттеуге қарағанда 63 жастан асқан адамдардың 50,7%-ы алаяқтықты бірден байқап танымайды және олардың 6,3%-ы қылмыскерлерге өздері сұраған деректерді беруге дайын екен.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде атап өткендей, алаяқтардан қорғану үшін әрбір қазақстандық (және өзінің егде жастағы жақындарын үйрете отырып) ұстана алатын бірнеше қарапайым ұсынымдар бар.
Мұндай ережелер көп емес және олар өте қарапайым:
Біріншіден, жеке деректеріңізді, банк картасының деректемелерін, оның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодын, кодтық сөзді және шоттағы қалдықты ешқашан ешкімге айтпаңыз, тіпті банктен сұрау алсаңыз да, себебі алаяқтар деген телефон нөмірлерін де, төрт таңбалы кодтарды да қолдан жасауды біледі.
Екіншіден, телефонға келетін бейтаныс сілтемелер бойынша өтпеңіз. Бұл сілтемелер көбінесе алаяқтар мобильді құрылғыдан деректерді ұрлау үшін қолданатын зиянды бағдарламалар болып табылады. Фишинг (ағылшынша phishing сөзінен) деп аталатын нәрсе үшін адамды зиянды бағдарламаны ашуға сендіру және олардың банктік деректерін ұрлауға мүмкіндік алу үшін қаскүнемдер кез келген техникалық құралдарды, атап айтқанда фишингтік сайттарды, электрондық поштаны, қалқымалы терезелерді және мақсатты жарнамаларды пайдаланады.
Үшіншіден, өзін мен мына кісі боламын деп таныстырған адамның 100% сол адам екеніне көз жеткізбей бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Көбінесе алаяқтар өздерін банктің, құқық қорғау органдарының немесе әлеуметтік қызметтің қызметкерлері ретінде таныстырып, өздеріне қажетті деректерді жинауға тырысады. Есіңізде болсын, банк өкілдері құпия ақпаратты ешқашан телефон арқылы сұрамайды, ал алаяқтарға бұл деректер, қоңырау шалып отырған адамның атына кредит алу үшін қажет.
Егер сізге бейтаныс адам қоңырау шалып, өзін белгілі бір ұйымның өкілімін десе, одан өзін таныстыруын сұраңыз. Сонымен қатар, мұндай мүмкіндік болса, қашанда сол адамның аты-жөні мен лауазымын қайта тексеріңіз. Ол үшін ол сізге қай ұйымның атынан қоңырау шалса, сол ұйымға тексеру үшін қоңырау шалу жеткілікті.
Егер сіздің жақын адамыңыз сізге бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, қиын жағдайға тап болғанын немесе оқыс оқиға болғанын алға тартып, басқа бейтаныс нөмірге шұғыл түрде ақша жіберуді сұраса, салқынқандылық танытқан маңызды. Бірден ақша аударуға асықпаңыз. Егер сізге адамның дауысы таныс болып естілсе де, атын дұрыс атаса да, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Бұл жағдайда жақын адамыңызға дереу жеке телефон нөміріне қоңырау шалып, одан бәрін анықтап сұраған дұрыс. Сірә, бұл вишинг (voice phishing немесе vishing), яғни телефон қоңыраулары арқылы алдауды көздейтін схема болуы керек. Бұл жағдайда қоңырау шалушы өте сенімді әрі табанды түрде оған деректеріңізді беруді сұрайды немесе банк, полиция немесе кез келген басқа ұйымның қызметкері болып көрініп, туысқаныңызды «құтқару» үшін оған ақы төлеуді ұсынады.
Егер алаяқтар жиі қолданатын нақты схемалар туралы айтатын болсақ, онда олар мынадай:
«Ұрлау қаупі»
Қаскүнемдер қарт адамдарға әдейі қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметкерлері ретінде таныстырып, оларға дәл қазір олардың шотынан біреудің үлкен ақша аударуға тырысып жатқандығы туралы айтады. Содан клиентті «қорғау» үшін олар оған барлық ақшаны шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады. Бұл схеманы жүзеге асыру үшін олар егде жастағы адамға транзакция жасау үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі үйретуге дайын тұрады немесе тіпті транзакцияны қашықтан өткізуді ұсынады. Әдетте, мұндай әңгіме барысында олар жасанды түрде жүйкеге тиетін жағдай жасап, адамның не болып жатқанын ойластыруға мұрша бермейді. Егер бұл әңгімені бірден тоқтатпаса, бүкіл ақшаңызды өз қолыңызбен алаяқтарға беру арқылы жоғалтып алуыңыз мүмкін.
Мұндай шабуылдан қорғану үшін бұл әңгімені мүмкіндігінше тезірек тоқтатқан жөн. Банкке қоңырау шалып, не болғанын айтып беріңіз. Жақындарыңызға бұл тұзаққа түсіп қалмауын және бейтаныс адамдарға ақша аудармауын, бейтаныс қосымшаларды орнатпауын және бейтаныс нөмірлердің SMS хабарларынан сілтемелер арқылы өтпеуін ескертіңіз.
«Кредитті растау»
Тағы бір алаяқтық схема – бұл банктен біреу сіздің атыңызға кредит алуға тырысып жатқандығы туралы ескерту жасау мақсатымен жасалатын қоңырау. Әдетте, қоңырау шалушы сыпайы түрде сізден кредит алуға өтінім қалдырдыңыз ба деп сұрап, содан кейін белгілі бір қосымшаны жүктеу және орнату арқылы ақшаңызды қорғауды ұсынады. Алдыңғы жағдайдағыдай, олар адамды шатастыруға асығып, қысым жасайды, оларға дұрыс кодты айтуды талап етіп, іс жүзінде не болып жатқандығы туралы ойлануға мұрша бермейді. Шың мәнінде, бұл код алаяқтарға сіздің атыңызға кредит алу үшін қажет, алданбаңыз және телефон тұтқасын қоя салыңыз.
Егер кредит ресімделген болса, жағдайды түсіндіріп, дереу банкке жүгіну керек. Алаяқтар қоңырау шалған нөмірді құқық қорғау органдарына арыз жазу арқылы банктің қауіпсіздік қызметіне беру керек.
«Кездейсоқ аударым»
Бейтаныс адамнан картаңызға ақша аударымы түскен жағдайды елестетіп көріңіз. Біраз уақыттан кейін олар сізге қате жіберілген ақшаны қайтаруды сұрап не смс жазады немесе қоңырау шалады және ақшаны басқа нөмірге жіберу керек дейді. Парасатты адам ретінде әрине, ақшаны қайтармақ боласыз да осылайша қаскүнемдердің тұзағына түсесіз. Көбінесе олар сатып алынған тауар үшін төлем алу үшін қарапайым адамдардың шоттарын көрсетеді. Нәтижесінде, нағыз сатып алушы, яғни бастапқыда сізге ақша аударған адам тауарды да, ақшасын да ала алмайды және әрине, барлық кінәрат-талап төлемді алған адамға, яғни сізге қатысты болады. Егер сіз осындай ақша аударымын алсаңыз, банктің ең жақын филиалына хабарласыңыз, олар ол ақшаны сіз үшін ешқандай қауіп-қатерсіз жіберген кісіге қайтарады.
«Досқа қоңырау шалу»
Бұл айла жайлы бұрын айтқан болатынбыз. Бұл айтарлықтай ескі, бірақ алаяқтар арасында әлі де танымал айла. Негізінен қарт адамдарға мысалы, апатқа түскен туыстарынан қоңырау шалу туралы айтып отырмыз. Адамды шатастыру үшін оқиға одан сайын қорқынышты болатындай, алаяқтар дауысты бұрмалап, өздерін кім ретінде таныстырған адамның атын біліп алуы мүмкін. Мұндағы басты қулық қарт адамды есеңгірету және ес жиюға мұрша бермей оларға ақша аударуды талап ету.
Мұндай жағдайда ең жақсы нәрсе – сабырлы болу, көптеп сұрақ қою және жақын адамыңызбен мүмкіндігінше тезірек байланысқа шығуға тырысу.
Жалпы, әрбір қазақстандыққа қандай хабар не қоңырау алмасаңыз да, дүрлікпеу және бейтаныс адамдарға ақша аударуға асықпау маңызды екенін есте ұстаған жөн. Қылмыскерлердің айла-амалдарына берілмеңіз және оларға осы жақсылық пен жамандықтың қарсы тұруында жеңіске жетуге мүмкіндік бермеңіз.