61 түлек грант ұтып алды

 

Қарағанды NIS-ін биыл 125 түлек тәмамдады. Олардың жартысынан көбі шетелдегі беделді жоғары оқу орындары мен Назарбаев университетіне тегін оқуға шақыру алды. Кейбіреулер бірден бірнеше оқу орнының грантын ұтып алған.

«18 түлек шетелдік жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алды. Тағы 43-і Назарбаев университетіне оқуға түсті», – деп хабарлады Қарағанды NIS түлектерінің жетістіктері туралы.

18 жастағы Қаныш Берлібеков бірден үш жоғары оқу орнына (Назарбаев университеті, Қытайдағы Шанхай Нью-Йорк университеті және Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және техника институты) шақырту алды. Ол сәл ойланып Кореяға оқуға аттануға бел буды. Шетелде жоғары білім алған соң Қаныш туған елге оралып Отанымыздың дамуына үлес қоспақ.

– Ульсан университетінен бизнес мектебін таңдадым. Қаржы, инженерия және жаңа технологияларды зерттей отырып қос диплом бағдарламасын меңгеруді жоспарлап отырмын. Бұл университетті көптеген дүниежүзілік ұйым мойындайды және зерттеуге үлкен мүмкіндік береді. Маған Корея мәдениеті де қызық, – деді Қаныш Берлібеков. – Болашақ түлектерге оқуға түсуге дайындықты ертерек бастауға кеңес беремін. Білімді болу ғана емес, сонымен қатар мектептің, қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысу, еріктілік тәжірибесі, түрлі байқауда жеңіске жетіп марапатталу да маңызды.

Назерке Төлегенова тамаша үлгерімі мен IELTS және SAT бойынша жоғары ұпайларының арқасында АҚШ-тағы Berea колледжіне оқуға түсті. Ол сонымен қатар америкалық университеттің Babson College кәсіпкерлік жазғы мектебін де бітірген. Түлектің айтуынша, ол оқудың негізгі бағытын таңдап, техникалық менеджментте шоғырланған инженерлік технологиялар, сонымен қатар бизнес, қаржы және информатика пәндерін оқығысы келеді. Бұл – білім мен дағдыларды кеңейтуге мүмкіндік береді, демек, болашақта жоғары кәсіби маман болуға және туған елімізге пайда тигізуге ықпал етеді.

Қарағанды NIS баспасөз қызметінің ақпараты негізінде