Онлайн жәрмеңке ойдағыдай өтті
Жұмыс берушілер жастарға арналған бірінші жалпы республикалық ұлттық бос орындар жәрмеңкесін өткізу барысында ұсынылған бос жұмыс орындарына төрт мыңнан астам адам пікір қалдырған. 27-29 маусым аралығында өткен іс-шараға 23 ірі қазақстандық жұмыс беруші қатысты. Шара кезінде enbek.kz порталына 50-ден астам кәсіп бойынша 1 320 бос жұмыс орны орналастырылды, олардың басым бөлігі – техникалық мамандық.
Жұмыс берушілер арасында Еуразиялық топқа (ERG) және Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығына кіретін кәсіпорындарды, Kaspi.kz компаниясын, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «КАТКО» БК ЖШС, «Ernst & Young Kazakhstan» ЖШС, «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Бірінші несие бюросы» ЖШС және т.б. атап өтуге болады.
Барлық ұсынылған жұмыс орындарының жартысынан көбі (782) жұмыс іздеушілерде белгілі бір орта арнайы білімнің болуын талап етеді, ал жоғары білімі бар мамандарға деген қажеттілік 386 бос орынды құрады. Сонымен қатар жұмыс берушілер 162 бос жұмыс орнын орналастырды, олар үшін тек мектеп білімі жеткілікті болды.
Ізденушілер арасында ең сұранысқа ие бос орындар: кадрлық әкімшілік бойынша маман, БӨАжА бойынша слесарь, техник-технолог (тағылымгер), кеңсе-менеджер, технологиялық процесті бақылау жөнінде зертханашы және басқалар болды.
Еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандарға арналған бос орындар жәрмеңкесінің басында «Тиімді жұмыс іздеу» тақырыбында шеберлік сабағы өткізілді.
Үш күн ішінде ұйымдардың HR менеджерлері YouTube-те тікелей эфирде өз компанияларының презентацияларын өткізді, жұмыс шарттары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері және басқалары туралы айтты. Сондай-ақ ізденушілермен 110 онлайн-әңгімелесу өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл іс-шара алғаш рет Қазақстанда жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында өткізілді. Алдағы уақытта халықтың түрлі топтары үшін ай сайынғы негізде осындай жәрмеңкелер өткізу жоспарланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша