5 мың теңгелік жаңа купюра айналымға шықты
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанда жаңа үлгідегі 5 мың теңгелік банкнот айналымға шығарылды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Ұлттық банк 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы (2023 жылғы үлгідегі) номиналы 5 000 теңгелік банкноттарды айналымға шығарды.
«Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкноты. Ол дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген», – делінген хабарламада.
Жаңа купюраның түсі қызғылт сары.
Банкноттың бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құс пен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б.д.д. 5-4 ғғ., Алтын адам баскиімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралі және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру (Қорған Талды II, б.д.д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде).
Банкноттың сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан фонындағы бүркіт бейнеленген. Негізгі бейненің тасасындағы дөңгелекте қазақтың ою-өрнегі орналасқан. Бұл бейне мына идеяларды білдіреді:
– Қалқан – құндылықтарды қорғау;
– Ежелгі символ – әлемнің төрт құбыласы;
– Ортасындағы Күн белгісі – өмірдің символы.
Сондай-ақ банкноттың сырт жағында қанаты жайылған жәдігер-бүркіттің бейнесі орналасқан (Берел қорғандары «Патшалар Алқабы», б.д.д. 8-7 ғғ., ШҚО, безендіру элементі, еркіндік пен үйлесімділіктің символы). Банкноттың ортасында Шарын шатқалының ландшафт көрінісі орналасқан «шексіздік» қазақтың ою-өрнегінің фон-контуры бар.
– Номиналы 5 000 теңге болатын жаңа банкноттар 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және жыл бойы айналымдағы 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңге болатын ұлттық валюта банкноттарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнот) ауыстырылады.
Яғни ескі үлгідегі барлық банкнот бір жыл ішінде айналымнан біртіндеп алынатын болады. Банкноттар айналымда қатар жүрген уақытта, халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноттарға айырбастаудың қажеті жоқ. 2023 жылдың 25 желтоқсанынан 2024 жылдың 24 желтоқсанына дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноттар айналымда қатар жүріп, есеп айырысуға жарамды болып саналады, – дейді Ұлттық банк өкілдері.
Ұлттық банк мәліметінше, жаңа үлгідегі банкноттар 2024 жылдың наурыз айында ғана жаппай айналымға түседі. Себебі оларды еліміздің барлық өңіріне жеткізіп, жабдықтарды бейімдеу үшін уақыт қажет.
«Қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін, яғни 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап барлық банк пен Қазпоштада ескі үлгідегі банкноттарды 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастауға мүмкіндік бар. Ал ҚҰБ филиалдарында оларды мерзімсіз айырбастауға болады. Жаңа үлгідегі (2023 жылғы) және ескі үлгідегі (2011 жылғы) банкноттар айналымда қатар жүретін кезең ішінде заңды төлем құралы болып саналады. Төлемдер мен аударымдардың барлық түрін жүзеге асыру, банк шоттарына аудару үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында олардың атаулы құны бойынша қабылдауға міндетті екенін атап өтеміз», – делінген хабарламада.
Банкноттар еліміздегі ҚҰБ, Қазпошта және екінші деңгейлі банктердің барлық филиалында, сондай-ақ Қазақстан резидент емес банктерінің филиалдарында шектеусіз айырбасталады және ауыстырылады.
Ұлттық банк заңды төлем құралы саналатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне орай әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын еске салады.