230 ҚОҚЫС ОРЫНЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қарағанды облысында қоқыс тастайтын жерлерді санитарлық тазалау айлығы өтуде. 14 шілде күні Экология департаментінің қызметкерлері, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, еріктілер, қоғам белсенділері мен полиция қызметкерлерінен құралған топ Федоров су қоймасының аумағында рейд жүргізді.
Экологтар мен еріктілерден құралған арнайы топтың рейд өткізудегі негізгі мақсаты — демалушыларға жаңа Экологиялық кодексті түсіндірдіре отырып, насихат жұмыстарын жүргізу.
Жаңа Экологиялық кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді. Соған сәйкес Қазақстанда қоршаған ортаны ластағаны үшін азаматтарға жаза күшейтілді. Федоров су қоймасына барған арнайы топ полицейлермен бірге рейд жүргізе отырып, демалушыларға қоқысты жинап жүруге және пластикалық ыдыстарды қолданбауға шақырды.
– Бүгін біз қолданыстағы экологиялық заңнаманы түсіндіреміз және халыққа экологиялық мәдениетті сіңіруге тырысамыз. Экология министрлігінің бастамасымен «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы 22 шілдедегі жағдай бойынша Қарағанды облысының аумағында 640 рұқсат етілмеген қоқыс жинау орнын анықтаған космомониторинг өткізуде. Оның 40-тан астамы жергілікті атқарушы органдармен жойылды. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, рұқсат етілмеген үйінділер жыл сайын бір жерде пайда болады, – деді Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Ісжанов.
Өткен жылы космомониторингтің көмегімен өңір аумағында 1200-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Олардың барлығы тазартылды. Бірақ бұл қысқа мерзімді нәтиже береді. Табиғатты ластаушылар тіпті айыппұлдардан қорықпайды.
– Осы жылдың 6 айында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін біз бес мыңнан астам адамды жауапқа тарттық. Бұл, әрине, жағажай статистикасы бойынша ғана емес. Мұндай құқық бұзушылықтар, соның ішінде қоршаған ортаны ластау жеке тұлғалар үшін 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін 30 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл салуға алып келіп соғады.
Айыппұл салынып, жауапқа тарту үшін фото немесе видео айғақтар керек. Қазір полиция қызметкерлерінің барлығы электронды планшет қолданады. Сондықтан бұл жағынан ешқандай қиындық туындамайды, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы Татьяна Малиновская.
Негізі еліміздегі Экологиялық кодекс 2007 жылы 9 қаңтарда қабылданған. Кодекске соңғы өзгеріс 2019 жылы желтоқсан айында енгізілген. Бірақ, өкінішке қарай, осы 12 жыл ішінде енгізілген 75-тен аса өзгеріс біздегі экологиялық ахуалдың жақсаруына айтарлықтай бір нәтиже берді деп айту қиын. Ал жаңадан қабылданған Экологиялық кодексте бірнеше жағымды өзгерістер бар. Жаңа Экологиялық кодекстің негізгі басымдықтарын атап өтсек:
Біріншіден, «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік к ө з д е л г е н . Экологиялық зиян орын а л ғ а н жағдайда т а б и ғ а т пайда — л а н у ш ы қоршаған орта — ны оның бастапқы қалпына келтіруге міндетті.
Екіншіден, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы ластанудың 80% пайыз шығарындыларының көзі болып табылатын елу ірі кәсіпорындарында енгізу жоспарланған. Осы технологияларды енгізген кәсіпорындар эмиссия үшін төлемнен босатылады.
Келесі бағыт, бұл қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ). Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өтудің әдістері жеңілдетілді. Бүгінгі күні барлық табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінен өтуде. Жаңа Экокодекске сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалаудың міндетті процедурасынан тек бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар өтеді. Бұл шамамен 2600 кәсіпорын. Осылайша шынымен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады.
Екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады.
Үшінші санаттағы объектілер хабарламалық негізде жұмыс істейді. Осылайша әкімдіктер үшінші санаттағы объектілерден ш ы ғ а р ы н д ы л а р д ы ң , төгінділердің саны, жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемі көрсетілетін декларациялар қабылдайтын болады. Олардың қатарына ЖҚС, қоймалар, жиһаз цехтары, бетон өңдеу тораптары және қызметі жергілікті, қоршаған ортаны ластаудың елеусіз сипатындағы өзге де объектілер кіреді.
Ал төртінші санаттағы объектілер реттеуден толық босатылады. Бұл — автожуу, ТҚО, қоғамдық тамақтану объектілері, қуаттылығы аз қазандық қондырғылары бар микробизнес объектілері. Алайда кәсіпорындар үшін қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту қажеттілігінің болмауы оларды мемлекеттік экологиялық бақылаудан босатпайды. Яғни барлық кәсіпорындар экологиялық талаптарды сақтауға міндетті.
Анықталған қоқысты рұқсатсыз жинау орындарының 230-дан астамы Қарағанды қаласына тиесілі. Бүгінгі таңда олардың 30-дан астамы жойылды.
Экологтар қарағандылықтарды тазалық үшін күресте күш біріктіруге шақырады. Қала тұрғындары табиғаттың ластануының фото және бейнефактілерін Senim 109 бірыңғай үйлестіру орталығының жедел желісіне немесе экология департаментінің қабылдау бөлмесіне 41-07-54 нөмірі бойынша жібере алады.
Сондай-ақ, «Қарағанды облысының Геопорталы» қосымшасын пайдалануға болады, онда картада рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді белгілеу қажет. Бұл қаладан шыққан кезде ыңғайлы. Ол жерді белгілесе, уәкілетті органдар оны көреді, демек, стихиялық қоқыс жойылады.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»