2026 жылы қандай өзгерістер бар?
Ұлттық бірыңғай тестілеуді халықаралық талаптарға бейімдеп, оны болашақта халықаралық деңгейдегі тестілеу форматына көшіру көзделіп отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ҰБТ жүйесін жаңғырту жұмыстары біртіндеп жүзеге асады. Алайда 2026 жылы өтетін тестілеу форматына түбегейлі өзгерістер енгізу жоспарланбаған.
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар айында ұйымдастырылатын ҰБТ талапкерлер үшін білім деңгейін саралап, болашақ бағытын айқындайтын маңызды кезеңге айналып отыр. Соңғы жылдары қаңтардағы тестілеуге қызығушылықтың артуы оның білім беру жүйесіндегі маңызын айқын көрсетті. Қаңтар айындағы ҰБТ бүгінде тек дайындық кезеңі ғана емес, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін нақты сынақ ретінде қарастырылады.
Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ға қатысуға шамамен 187 мың талапкер өтініш білдірген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға жуық адамға артқан. Мұндай өсім талапкерлердің тестілеуге деген жауапкершілігінің күшейгенін және болашақ оқу жоспарын алдын ала құруға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Өтініш беру кезінде талапкерлер тест тапсыратын күнін, уақытын және пунктін өз қалауына сай таңдады. Бұл компьютерлік форматтың тиімді екенін аңғартады. Мұндай жүйе қатысушыларға қолайлы жағдай жасап, уайым мен психологиялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді.
Ұлттық тестілеу орталығы Қарағанды қалалық филиалының желілік әкімшілендіру бойынша аға сарапшысы Бекарыс Мантайұлының айтуынша, қазіргі уақытта ҰБТ-ны халықаралық стандарттарға жақындату бағытындағы жұмыстар басталып кеткен. Дегенмен бұл жобаны толық іске асыру үшін кемінде екі жылдай уақыт қажет.
– Қазір орталық тарапынан берілген мәліметтен артық ақпарат айту қиын. Жоба аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен қолға алынуда. Алайда оны толық жүзеге асыру бірден емес, уақытты талап етеді, – дейді маман.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қолданыстағы форматы сақталады. Талапкерлер үш міндетті пәннен және екі бейіндік пәннен сынақ тапсырады. Міндетті пәндер қатарына Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық кіреді. Жалпы тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан 20 сұрақ, оқу және математикалық сауаттылықтан 10 сұрақтан, ал әр бейіндік пәннен 40 тапсырма беріледі. Ең жоғары жинақталатын балл – 140.
Тестілеу кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі арнайы бағдарлама арқылы қолжетімді болады. Бұл талапкерлерге есептеу мен талдауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тест тапсыру уақыты 4 сағатқа немесе 240 минутқа тең. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
Тест аяқталған соң талапкерлер өз нәтижесіне қатысты апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі 30 минут ішінде қабылданады. Апелляциялық комиссияның шешімі шыққаннан кейін ғана талапкердің сертификаты жеке кабинетінде жарияланады. Бұл талап тестілеу процесінің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түскендер, шығармашылық мамандықтан кейін басқа бағытқа немесе педагогикалық салаға ауысқысы келетіндер, мектеп пен колледждің өткен жылғы түлектері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ биыл мектеп бітіретін оқушылар қатыса алады. Тестілеу нәтижелері жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін пайдаланылады.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің әділ әрі ашық өтуіне Ұлттық тестілеу орталығы жауапты. Барлық тестілеу пункттері бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықталған. Белгіленген тәртіпті бұзған талапкерлердің нәтижесі жойылады.
Биылғы талапкер Аружан Ардаққызы қаңтардағы ҰБТ-ның маңызын ерекше атап өтті.
– Қаңтардағы тестілеу – талапкерлер үшін қорқыныш емес, керісінше мүмкіндік. Бұл сынаққа 187 мың адамның қатысуға ниет білдіруі оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қаңтар айындағы ҰБТ өз деңгейіңді бағалап, негізгі тестілеуге сенімді дайындалуға жол ашады, – дейді ол.
Қаңтардағы ҰБТ кезеңін тиімді пайдаланған әрбір талапкер алдағы үлкен сынаққа бір табан жақындай түседі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


