2023 жылы 950 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады
Халықты жұмыспен қамту мәселелері үнемі бақылауда және бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлім етті.
Биыл жыл басында өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оның шеңберінде осы жылы жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлар белгіленді.
«2023 жылы 950 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, оның ішінде 231,3 мыңы – Ұлттық жобаларды іске асыру арқылы, соның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына, 345,8 мыңы – Мемлекет басшысының «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде, 320,4 мыңы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына орналастыру көзделген», – деді спикер.
Вице-министрдің айтуынша, 20 ақпанда 117 мыңнан астам азамат жұмыс орындарына ие болды. Ұлттық жобалар аясында 73,3 мың адам жұмысқа қабылданды. «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде жұмыс орындары 15,8 мың адамға ұсынылды, ал бос жұмыс орындарына жұмыс берушілерден 28,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Жұмысқа орналасудың барлық көрсеткіштерін зейнетақы аударымдары мен электрондық еңбк шарттары бойнша тексеріледі.