2023 жылдың 1-ші тоқсанында еліміздің барлық жылу электр орталықтарының және электр желілерінің аудиті аяқталады
2023 жылдың 1-ші тоқсанында еліміздің барлық жылу электр орталықтарының және электр желілерінің аудиті аяқталады — Энергетика министрлігі
ҚР Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Роман Склярдың басшылығымен ҚР Энергетика министрлігінің алқа отырысы өтті, онда ведомство басшысы Болат Ақшолақов 2022 жылғы жұмысты қорытындылап, 2023 жылға арналған міндеттерді айқындады, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған 8 негізгі қызмет саласы шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Мұнай саласының негізгі көрсеткіштері айтылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны, мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны құрады. 2023 жылы мұнай өндіруді 90,5 млн тонна деңгейінде, ал мұнай экспортын 71 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ведомство басшысының айтуынша, көмірсутек шикізатының ресурстық базасын одан әрі ұлғайту үшін инвестициялық тартымдылықты жақсарту және жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жетілдіру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды.
2022 жылы 13,7 млн тонна мұнай өнімі өндірілді, бұл өткен жылғы деңгейден 1 млн тоннаға артық.
«Мемлекет басшысының экономиканың сапалы жанар- жағармайға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндетін орындау шеңберінде ағымдағы жылы біз өндірісті жылына 6 млн.тоннадан 9 млн. тоннаға дейін, келешекте жылына 12 млн. тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отырып, Шымкент мұнай өндеу зауытын кеңейтудің ТЭН-ін әзірлеуге кірісеміз», — деп айтты Энергетика министрлігінің басшысы.
2022 жылдың қорытындысы бойынша битум өндірісі 930 мың тоннаны құрады. 2023 жылға арналған жоспар – 1,1 млн тонна.
Министрдің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 53,2 млрд текше метрді құрады. 2023 жылы 55 млрд текше метр ілеспе мұнай газын өндіру жоспарлануда, оның ішінде 28 млрд текше метр тауарлық газ өндірілетін болады.
Газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспары қабылданды, осы кешенді жоспарда газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ нарығын реформалау және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін бағаларды тежеу жөніндегі шаралар көзделеді.
2023 жылы сұйытылған газ айналымының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сұйытылған мұнай газын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша Заң қабылдау жоспарлануда.
Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейі 59% — құрады.
2023 жылы бюджеттік инвестициялардың жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 86 жобаны іске асыра отырып, халықты газдандыру үлесін 60% — ға дейін жеткізу жоспарлануда.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 112,8 млрд. кВтсағ құрады, ағымдағы жылға арналған жоспар 114,9 млрд. кВтсағ құрайды. Жаңартылатын энергия көздерін өндіру көлемі 5,1 млрд. кВтсағ құрады, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4,5% — ға жетті. 2022 жылы жалпы қуаты 385 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздері жобасы іске асырылды. 2023 жылы қуаты 276 МВт болатын 15 жаңартылатын энергия жобасын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар инвестициялық келісімдер бойынша 225 МВт жаңа қуаттарды іске қосу жоспарлануда», — деп хабарлады Энергетика министрі Б.Ақшолақов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1-ші тоқсанында еліміздің барлық жылу электр орталықтарының және электр желілерінің аудиті аяқталады.
Нарық субъектілерін өз инвестицияларын қуаттарды реконструкциялау мен жаңғыртуға бағыттауға ынталандыру үшін «Инвестиция орнына тариф» жаңа бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама бойынша салаға инвестициялар көлемі жыл сайын шамамен 400 млрд теңгеге бағаланады.
2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданады. Заң өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге бағытталған, ұзақ мерзімді жоспарларды жүзеге асыруға, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүйелеуге мүмкіндік береді.
Б. Ақшолақовтың ақпараты бойынша 2022 жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі 21,3 мың тоннаны құрады.
Энергетика министрлігінің басшысы атап өткендей, маңызды мәселелердің бірі – өндірілетін өнімді қайта бөлуді арттыру болып табылады, сондықтан өткен жылғы желтоқсанда Қытайға жылу бөлгіш құрастырмалардың бірінші партиясы жеткізілді, олар атом электр станцияларының жұмысына арналған.
Атом электр станциясының құрылысы аясында 2022 жылы Қытай (CNNC), Ресей (Росатом), Корея (KHNP), Франция (EDF) сияқты елдерден жеткізушілердің тексерілген реакторлық технологияларының «қысқа тізімі» жасалды. Ағымдағы жылы реакторлық технологияны таңдау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Атом электр станциясын орналастырудың оңтайлы алаңы ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылды. 2023 жылы атом электр станциясын орналастыру ауданын таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылатын болады.