2022 жылы үй алуға мүмкіндік беретін ипотекалық бағдарламалар

Биыл қазақстандықтар қандай ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады?

Олардың талаптары мен шарттарын толығырақ осы материалдан оқи аласыз.

  1. «Нұрлы жер»

Бұл — 2020–2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаға әкімдікте үй кезегінде тұрған тұлғалар ғана қатыса алады. Бастысы, пәтер құнының 10 %-ын төлеп, 20 жылға дейін 5 %-дық мөлшерлемемен несие рәсімдеуге болады.

Бұл бағдарлама арқылы нарықтағы жаңа немесе құрылысы әлі де жүріп жатқан үйлерді ғана алуға мүмкіндік бар. Демек, бағасы едәуір тиімдірек екінші деңгейлі үйлерді ала алмайсыз.

 

  1. «50/50» бағдарламасы

Пәтер алушыларға «50/50» бағдарламасын көп банк ұсына алады. Мысалы, «Отбасы» банкі тұтынушыларына келесі шарттар бойынша ипотека рәсімдейді:

  • «Отбасы» банкінде ашылған депозиті болуы керек;
  • Үш жыл ішінде пәтер ақысының 50%-ын жинауы керек;
  • Үш жыл бойы тұрақты түрде ай сайын ақша салып тұруы тиіс, сол арқылы бағалау көрсеткіші 16%-ға толуы керек.

Осы шарттар толық орындалған кезде, аталған банк арқылы табысты растамай-ақ ипотекаға үй алуға болады.

Ал депозиті жоқ болса, пәтер құнының 50%-ын жинап, табысын растау арқылы 7–8,5 %-бен қиындықсыз ипотека рәсімдей алады.

Жарты ақшаны салып, бірақ табысты растамай пәтер алуға мүмкіндік беретін банктер: Алтын банк, Сбербанк, Halyk Bank. Табыс көзін растаусыз несие рәсімделсе, 18%-дық үстемеақы қосылады.

 

  1. «Ұмай» әйелдер ипотекасы

«Ұмай» ипотекасын тек әйелдер алады. Статистикаға сүйенсек, бұл ипотеканы қолданушылардың көбі — 35-тен асқан орта жастағы әйелдер қауымы.

Бұл ипотеканың негізгі шарттары:

  • Отбасылық табыс көзінің мөлшері 320 мыңнан аспауы керек;
  • Соңғы 6 ай ішіндегі табысын растауы керек;
  • Алғашқы жарна табыс көзі мен таңдалған үйдің бағалануына байланысты 0%-дан 20%-ға дейін тағайындалады;
  • Жаңа және қайталама нарықтағы үйлерді қарастыруға болады;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлемесі — 12%.

 

  1. «Бақытты отбасы» бағдарламасы

«Бақытты отбасы» — әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж тұлғалардың қатарында тұрған табыс көзі төмен отбасыларға арналған бағдарлама. Басты шарттары:

  • Көпбалалы отбасы болуы керек (кем дегенде 4 бала);
  • Толық емес отбасы мүшелері (ажырасқанына кем дегенде 3 жылдан асуы керек);
  • Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы мүшелері (мүгедектіктің кез келген тобы негізге алынады).

Бағдарлама бойынша Нұр- Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан 15 миллионға дейін, басқа аймақтарда 10 миллион теңгеге дейін өздері кезекте тұрған аймақтан жаңа немесе қайталама нарықтағы пәтер, жер үй сатып алуға болады.

Бағдарламаның жылдық үстеме мөлшерлемесі — 2%. Ал ең төменгі бастапқы жарна 10%-ды құрайды. Несиені 20 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады.

Шарттары мен талаптары:

  • Отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауы керек. Яғни адам басына шаққанда табыс мөлшері 111 655 теңгеден аспауы керек;
  • Кіріс ретінде негізгі және қосымша кіріс есептеледі.

Негізгі кіріс: айлық жалақы, жеке кәсіптен түсетін кіріс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы.

Қосымша кіріс: зейнетақы аударымдары мен экологиялық төлемдер.

 

  1. «7–20–25» мемлекеттік бағдарламасы

«7–20–25» — Елбасы тапсырмасы аясында әзірленген, Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғын үй мәселесін шешуге арналған әлеуметтік бағдарлама.

«7–20–25» бағдарламасы бойынша қарыз алу үшін сатып алушы мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

«7–20–25» мемлекеттік бағдарламасының басты операторы — «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ. Несие аламын деушілер қормен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес- банктерге жүгінуі тиіс.

Сондай-ақ:

  • Табыс көзін растау міндетті;
  • Ипотекалық қарыз болмауы керек;
  • Сатып алушының атына жазылған үй болмауы тиіс. Аймақтар бойынша үйдің максималды бағасы:
  • Нұр- Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалалары үшін — 25 млн.;
  • Қарағанды — 20 млн.;
  • Басқа аймақтар үшін — 15 млн.

 

  1. «Алматы жастары», «Елорда жастары» және «Әскери баспана»

«Алматы жастары» және «Елорда жастары» — 35 жасқа дейінгі жастарға арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламалары. Бұл бағдарламалар арнайы конкурс арқылы өтеді, сондықтан талаптары әзірге белгісіз. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы есебіне байланысты «Әскери баспана» бағдарламасы жылына бір немесе екі рет өтуі мүмкін.

 

  1. Мемлекет жалдамалы пәтердің 50%-ын төлейді

Бұл мүмкіндікті 2022 жылдың мамырынан бастап келесі топтағы адамдар қолдана алады:

  • Көпбалалы отбасылар;
  • Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар.

Ескерту: Мемлекеттік бағдарламалардың талаптары мен шарттары үнемі өзгеріске ұшырап отыруы мүмкін. Сондықтан пәтер сатып алу барысында арнайы мамандарға жүгініп, кеңес алған жөн.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»