167 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылды
Қалдықтарды заңсыз орналастыру мәселесі Қарағанды облысы үшін қашанда өзекті. Не санитарлық, не экологиялық нормаға сай келмейтін қоқыс орындары тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып кеткені еш жасырын емес. Облыс орталығындағы жағдай да осы. Ал экология департаментінде атап өткендей, ғарыштық мониторинг оң нәтиже беріп, уәкілетті органдарға жабайы қоқыс полигондарын анықтауға оңайырақ болды.
Десе де күрмеуі қиын күрделі мәселе түбегейлі шешілмей отыр. Әйтсе де, Қарағанды облысы Экология департаментінің өкілдерінің айтуынша, өңірде жыл санап рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері азайып келе жатыр. Аталмыш жұмыстар тек қала бойынша емес, облыс аумағында өз жалғасын табады. Оның ішінде жаңа ошақтардың пайда болуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда.
– Бүгінгі күнге дейінгі қорытынды бойынша қазіргі таңда ғарыштық мониторингтің қорытындысымен 335 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 167-і жойылды. Сонымен қатар департамент мамандары полиция департаментімен бірлесе отырып, рейдтік жұмыстар жүргізуде. Рейдтік жұмыстар барысында 53 хаттама толтырылған, әкімшілік құқықтық бұзушылық кодексінің 505 бабының 1 тармағына сәйкес 36 хаттама толтырылды. Нақты айтқанда, 1 329 120 теңге жалпы сомасында айыппұл салынған, – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева.
Қазақстанда бес жылда қоқыс қалдықтарының көлемі 2,4 есеге өсті. Оның 71%-ы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. ҚР Экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жалпы құны 170 млрд теңгеден асатын 37 қоқыс өңдеу зауыты салынатынын мәлімдеген еді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда министрлік 45 жобаны пысықтаған.
Ал Қарағанды облыстық экология департаменті полиция департаментімен және облыс әкімдігімен бірлесіп «Қарағанды облысында заңсыз орналастырылған қалдықтарды анықтау жөніндегі жол картасын» әзірлеп бекіткен. Оған сәйкес, рұқсат етілмеген полигондар 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жойылуы тиіс.
– Бұл қоқысты жоюға бізге Қарағанды қаласы әкімдігінің басшылығы мен Қазыбек би аудандық әкімдігінің басшылығы көмектесті. Бұл жұмыстар бір рет ғана жасалып, осымен тоқтап қалмайтынына сенемін. Жауапты мамандар бұл жұмыстарды бақылайтын шығар, – дейді қала тұрғыны Николай Рудометкин.
Жүргізілген мониторинг нәтижесінде Қарағанды облысында қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын жою жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Дегенмен, осы бағыттағы күш-жігерді жалғастыру және аймақтағы тазалықты және қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ету үшін қалдықтарды заңсыз орналастырумен күресудің жаңа әдістерін әзірлеу аса қажет. Қазыбек би ауданындағы қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілді деді мамандар. Сонда да көрінген жерге қоқыс тастайтындардың әрекетіне тоқтау болмай тұр. Оның соңы қалай аяқталатыны белгілі.
Тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс қоқыстарын заңсыз лақтыру – экологтар мен жергілікті атқарушы органдар үнемі күресіп келе жатқан мәселе. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, рұқсат етілмеген полигондар қайта пайда болатыны шүбәсіз шындық. Олар ғарыштық мониторингтің көмегімен анықталады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар полигондарға қоқыс шығаруға мәжбүр. Естеріңізге сала кетсек, елімізде сәуір айында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған еді. Аталмыш акция аясында Республика көлемінде қаланы санитарлық тазарту, арық кәріздерін, көшелерді, қоғамдық аулаларды тазалау, сондай-ақ, жасыл желектерді отырғызу сынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жыл соңына дейін өз жалғасын таппақ.
Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH