150 жылдық еңбек дәстүрі

Қарағанды облысында тұтас бір отбасының – Чернобайлар әулетінің кеніште қызмет ету тарихы 150 жылдан асады. Бірнеше буын өкілдері еліміздің ірі өндіріс орталықтарының бірі – «Qarmet» металлургиялық комбинатында тер төгіп, маңдай термен, сынақтармен күресіп келеді. Бұл – нағыз жерасты майданы, екінің бірінің қолынан келе бермейтін қажырлы еңбек пен табандылықтың үлгісі.

Әркім үшін «ауысым» – тек жұмыс уақыты ғана болса, Чернобай отбасы үшін ол – өмірдің мәні мен дәстүрі. Олардың еңбек тарихы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әулеттің тірегі Сергей Чернобайдан бастау алады. Қырық жыл бойы тау-кен өнеркәсібінің күретамырында қызмет еткен ол бүгінгі күні «Шахтинская» шахтасының жүрегі саналатын конвейерлік тасымал учаскесінің бастығы. Осы таспалардың үздіксіз қозғалысы – кеніштің жұмыс ырғағы мен қауіпсіздігінің кепілі. Лавалардан жиналған көмірдің барлығы дәл осы конвейер арқылы алыс жолға аттанады. Бұл – қара алтынның өмірге келуінің басты сыры.

– Әскерден келген соң бірден шахтаға жұмысқа орналастым. 1984 жылдан бері тау-кен саласында еңбек етіп келемін. Ал 1985 жылы дәл осы «Шахтинская» шахтасына монтажник болып кірдім. Өмірімнің осы мамандық пен бұл ұжымда өтуіне шын ризамын – екі ұлым да, әйелім де осы жерде, осында бірге өмір сүреміз, – дейді конвейерлік тасымал учаскесінің бастығы Сергей Чернобай.

Сергей Петровичтің еңбек жолы – шынайы табандылық пен адал еңбектің үлгісі. Жер асты қарапайым жұмысшысынан бастап, қазір басшылыққа дейін жеткен ол, өз тағдырын тау-кен саласына арнаған нағыз маман. Оның жары мен ұлдары да осы ұлы дәстүрді жалғап, бір шаңырақ астында еңбек етіп келеді. Бұл отбасының бірлігі мен еңбексүйгіштігі – ұжымдағы ынтымақтастық пен жетістіктің негізі іспетті.

– Кеншілер әулетінен шыққаным мен үшін үлкен мақтаныш. Әкем осы кеніште 41 жылдан бері адал еңбектенуде. Мектептен бастап оның жолын қуатынымды сездім, сондықтан 9 сыныпты аяқтаған соң колледжге оқуға түстім. Оқуды тәмамдағаннан бері осы жерде жұмыс істеп келемін, – дейді кеншінің ұлы Юрий Чернобай.

Сергей Петровичтің кенші жолын тек өзі ғана емес, ұлдары да абыроймен жалғастырып келеді. Кіші ұлы Юрий дәл сол учаскеде әкесімен қатар иық тірестіре еңбек етуде. Ал үлкені Станислав 2006 жылы жер асты кеншісі ретінде жұмысын бастап, бүгінде тау-кен шебері атанған тәжірибелі маман. Бұл – бір әулеттің ортақ кәсібіне деген адалдық пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.

– Еңбек адамының отбасында дүниеге келгенімді әрдайым мақтанышпен айтамын. Кенші болу – бала күнгі арманым еді. Сол арман мені Қарағанды политехникалық колледжіне жетелеп апарды. Ал 2006 жылдан бері осы кен орнында үздіксіз еңбек етіп келемін, – деп атап өтті тау-кен шебері Станислав Чернобай.

Чернобайлар әулетінің еңбек жолын жұбайы Наталья да лайықты жалғастырып келеді. Ол осы шахтада жиырма жылдан бері еңбек етіп, көтергіш қондырғының машинисі ретінде жүздеген метр тереңдіктен кеншілер мен көмірді жер бетіне аман-есен жеткізіп жүр. Натальяның жұмысы – тек техникамен емес, үлкен жауапкершілікпен өлшенеді. Өйткені оның кәсібі ауысымның өнімділігімен қатар, бүкіл кеніштегі қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

– Менің жұмысым – жер астындағы көтергіш қондырғыны басқарып, машинаға тоқ беріп, оның жылдамдығын реттеп отыру. Бұл – үлкен дәлдік пен жауапкершілікті қажет ететін іс. Кенші болу оңай емес. Тіпті олардың киім ауыстырып, шахтаға түсуінің өзі үлкен дайындықты талап етеді. Әр ауысым сайын уайымдап отырамыз. Кейде дабыл қағылса, жүрегім дүрсілдеп, олар аман-есен шыққанша тынышым кетеді, – деді көтергіш қондырғы машинисі Наталья Чернобай.

Биыл өңірдегі өндіріс көлемі былтырмен салыстырғанда 11,7%-ға өскен. Жалпы Қарағанды облысында 8 кеніш бар. Онда шамамен 16 мың кенші жұмыс істейді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»