Жастардың зияткерлік тартысы

Қарағанды қаласындағы С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінде «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында ағылшын тілінде қалалық дебат турнирі өтті. Қалалық білім бөлімінің және әдістемелік кабинетінің қолдауымен ұйымдастырылған зияткерлік дода жоғары сынып оқушыларының тілдік құзыреттілігін дамытуға, олардың сыни ойлау қабілетін шыңдауға бағытталған.

Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған пікірсайыс турниріне қала мектептерінен 16 команда қатысып, өзара бақ сынады. Білім бәйгесіне жиналған оқушылар өздерінің білімін, шешендік қабілетін және ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсетті.

Пікірсайыстың басты ерекшелігі – оның толықтай ағылшын тілінде өтуі. Қатысушылар түрлі тақырып төңірегінде өз көзқарастарын дәлелдеп, қарсы тараптың уәждеріне жауап беріп, ой ұшқырлығы мен логикалық пайымын ортаға салды. Дебат барысында жасанды интеллекттің қоғамға ықпалы, дипломсыз табысқа жету мүмкіндігі, қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелер сияқты өзекті тақырыптар талқыланды. Осындай мазмұнды пікірталастар оқушылардың тек тілдік дағдысын ғана емес, дүниетанымын кеңейтіп, қоғамдағы түрлі құбылыстарға сыни көзқараспен қарауына мүмкіндік берді.

Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Төлеубике Байжігітованың айтуынша, дебат турнирі «Зияткерлік модернизация» жобасының маңызды бағыттарының бірі.

– Бұл пікірсайыс жоғары сынып оқушылары арасында ұйымдастырылып отыр. Негізгі ерекшелігі – дебаттың ағылшын тілінде өтуі. Мұнда оқушылар өз ойлары мен көзқарастарын шетел тілінде еркін жеткізіп, пікір алмасады. Мұндай зияткерлік алаңдар олардың дүниетанымын кеңейтіп, коммуникативтік қабілеттерін арттыруға ықпал етеді. Жоба құндылыққа негізделген білім мен тәрбиені ұштастыруды көздейді. Мемлекеттік тілді дәріптеу маңызды болса, шетел тілдерін меңгеру арқылы жастардың әлемдік кеңістікке еркін енуіне жол ашылады. Биылғы турнирге 16 команда қатысып отыр, – деді ол.

Ал мектеп директоры Қаламқас Кулбулатова мұндай білім сайыстары оқушылардың жан-жақты дамуына оң әсер ететінін атап өтті.

– Бұл шара қалалық білім бөлімінің және қалалық әдістемелік кабинеттің қолдауымен «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында қазақ тілді мектептердің тілдік құзыреттілігін дамыту мақсатында өткізіліп отыр. Үшінші оқу жылы қатарынан мектебімізде ұйымдастырылып келе жатқан турнир дәстүрлі шараға айналды. Дебаттың басты мақсаты – оқушылардың тілдік төрт дағдысын жетілдірумен қатар, олардың ағылшын тілінде өз пікірін дәлелдеп, еркін қорғай білуіне мүмкіндік беру. Пікірсайыс барысында қатысушылар айтылым, жазылым, пікірлесу және қарсы пікір айту арқылы өз ойларын жүйелі жеткізе білді. Турнир қорытындысында үздік спикер, үздік дебатшы, үздік жетекші және үздік ағылшын тілі мұғалімі сияқты бірнеше номинация бойынша марапаттар табысталады, – деді мектеп басшысы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дебат турниріне қатысуға ниет білдірген оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде ең дайын әрі белсенді командалар таңдалып, пікірсайыс алаңына жолдама алған.

Пікірсайысқа қатысқан 11-сынып оқушысы Айша Еркебек мұндай турнирлердің оқушылар үшін тәжірибелік маңызы зор екенін айтады.

– Дебаттың ағылшын тілінде өтуі біз үшін үлкен тәжірибе. Тілді тек теориялық тұрғыда меңгеру жеткіліксіз, оны еркін қолданып, ойыңды нақты жеткізе білу маңызды. Пікірсайыс барысында біз жасанды интеллект сияқты қазіргі қоғамда өзекті болып отырған тақырыптарды талқыладық. Мұндай жарыстар өзімізді дамытуға, жаңа ой қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Аталған дебат турнирін ұйымдастыруға мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімдері Индира Фазылова, Аягөз Бухаршина, Құндыз Жақыбай, Мадина Жанғабылова, Аида Сексеналина және Айзада Смағұлова белсенді атсалысты. Ұстаздар оқушыларды дайындап, пікірсайыстың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.

Жалпы, қалалық дебат турнирі оқушылардың ағылшын тілінде еркін сөйлеуіне жағдай жасап қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, өз пікірін дәлелдей алатын белсенді тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті. Осындай зияткерлік сайыстар жастардың білімін жетілдіріп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге негіз болары сөзсіз.

Ералы ҒАНИ,

«QH»