Жас патриоттар академиясына қабылдау
Қарағанды қаласындағы №3 гимназия оқушылары «Жас патриоттар» академиясының 10 жылдығына арналған республикалық конференцияда өз жобаларын қорғап, академия қатарына қабылданды. Шараға еліміздің әр өңірінен 16 команда қатысты, бұл оқушыларға өз тәжірибесін бөлісуге және жаңа идеяларды көруге мүмкіндік берді.
Қарағанды командасының құрамына 8-9 сыныптың бес оқушысы енді. Олар гимназиядағы патриоттық тәрбие бағытындағы жүйелі жұмысты таныстырған арнайы жобаны әзірлеп, оны сәтті қорғады. Презентацияда білім ордасының азаматтық-патриоттық тәрбие мен волонтерлік қызмет саласындағы негізгі бағыттары егжей-тегжейлі қамтылды.
– Біздің гимназияда түрлі жобалар жүзеге асырылады. Сондықтан жинақталған тәжірибемізді ұсынуды жөн көрдік. Конференция барысында оқушылар туған өлке тарихын зерделеу, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, қоғамдық белсенділікті арттыру, жасөспірімдердің бойында адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды таныстырды, – деді команданың жетекшісі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Маржан Нәбиева
Маржан Нәбиева конференцияда баяндама жасап, әріптестеріне гимназиядағы патриоттық тәрбиеге қатысты жүйелі тәсілді егжей-тегжейлі көрсетті.
Конференцияға қатысушылар өзге өңірлерден келген командалармен тәжірибе алмасты. Оқушылар қызықты тұлғалармен танысып, жаңа жұмыс форматтарын көріп, сондай-ақ жергілікті көрікті орындарды аралауға мүмкіндік алды.
Кездесу қорытындысы бойынша оқушылар арнайы төсбелгілермен марапатталып, «Жас патриоттар» академиясының қатарына ресми қабылданды. Алдағы уақытта ынтымақтастық қашықтан форматта жалғасады. Оқушылар бірлескен жобаларды әзірлеп, оларды өз өңірлерінде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


