Жас ғалымдар жарысы

Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайында 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңі қорытындыланды. Салтанатты жиын өңірдің зияткерлік әлеуетін айқындаған маңызды білім алаңына айналып, дарынды жастардың жетістігін көпшілік алдында паш етті.

Биыл облыс бойынша 904 оқушы білім бәйгесіне қатысып, олардың 416-сы жүлделі орындарға ие болды. Бұл – аймақта дарынды балаларды қолдау мен дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсететін айқын көрсеткіш. Пән олимпиадасы қабілетті оқушыларды анықтап қана қоймай, олардың ғылыми ойлауын дамытып, халықаралық білім сайыстарына жол ашатын маңызды кезең саналады.

Салтанатты шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев білім бәйгесінің маңыздылығына тоқталып, олимпиада жетістігі – тұтас білім беру жүйесінің еңбегі екенін атап өтті.

– Біз олимпиаданы жеке бір оқушының ғана жеңісі деп қарамаймыз. Бұл – шәкіртті ғылым жолына жетелеген ұстаздың, оған жағдай жасаған мектептің, қолдау білдірген ата-ананың ортақ жетістігі. Білімді ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі. Бүгін сахнаға көтерілген әрбір оқушы – табанды еңбектің, үздіксіз ізденістің нәтижесі, – деді басқарма басшысы.

Ол сондай-ақ облыстық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда табыс тіледі.

Биылғы олимпиадада ерекше нәтижемен көзге түскен білім ордаларының бірі – №1 Білім-инновациялық лицей-интернаты. Лицей оқушылары командалық есепте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Облыстық кезеңге білім ордасынан 71 оқушы қатысып, соның 49-ы жүлделі орын иеленді. Ал 17 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл – мектеп тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі.

Жалпы облыстық олимпиада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша 13 пәннен өткізілді. Соның ішінде физика, математика, химия және биология пәндерінен жүлделі орындардың басым бөлігі дәл осы лицей шәкірттерінің еншісіне тиді.

№1 Білім-инновация лицейінің директоры Жасұлан Алмағанбетов білім ордасында дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Біздің мектепте пәндік үйірмелер мен тереңдетілген курстар тұрақты түрде жұмыс істейді. Әр оқушының жеке білім траекториясы жасалып, қабілетіне қарай бағыт-бағдар беріледі. Ұстаздарымыз тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелерді енгізуге күш салады. Ең бастысы – балалардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, ізденіске жетелеу, – деді лицей директоры.

Оның айтуынша, республикалық кезең – халықаралық олимпиадаларға іріктеудің шешуші сатысы. Қазіргі таңда әлемде халықаралық деңгейдегі жеті ірі пәндік олимпиада өткізіледі. Сол сайыстарға қатысатын ұлттық құрама дәл осы республикалық кезеңнің нәтижесі бойынша жасақталады.

Лицейдің 9-сынып оқушысы Әлихан Жұмағали да облыстық кезеңде жүлделі орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған дарынды шәкірттердің бірі. Ол олимпиадаларға 7-сыныптан бері қатысып келеді. Жас дарынның сүйікті пәні – биология.

– Бұл жетістік – тек менің ғана емес, ұстаздарым мен ата-анамның еңбегінің жемісі. Облыстық кезең мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Қарсыластарымыз мықты, сондықтан дайындықты күшейтіп, білімімді одан әрі тереңдете түсемін, – дейді ол.

Салтанатты жиында жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша жүлделі орын иегерлері марапатталды. Сонымен қатар «Ең жас олимпиада қатысушысы», «Үздік жетекші», «Үздік серіктес» секілді арнайы аталым табысталып, ұстаздар мен серіктес ұйымдардың еңбегі ескерілді.

Марапаттау рәсімін өнерпаз жастардың әні мен биі әрлей түсіп, жиынға ерекше көңіл күй сыйлады.

Жалпы алғанда, пән олимпиадасы – дарынды оқушылардың қабілетін шыңдайтын, ғылымға деген қызығушылығын арттыратын маңызды алаң. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі білім сапасымен өлшенетіні белгілі. Сондықтан осындай зияткерлік сайыстар жас ұрпақтың білімін жетілдіріп қана қоймай, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға да қызмет етеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»