Telegram-да қылмыстық «қызмет» ұсынғандар анықталуда
Telegram мессенджерінің қазақстандық сегментінде алаңдатарлық мазмұндағы хабарландыру тарады. Белгісіз тұлғалар ақшаға «ренжіткен адамдарды жазалау» қызметін ұсынатынын ашық жариялаған.
Жарнама авторлары тапсырыстың құпия сақталатынын және «жеке тәсіл» қолданылатынын алға тартады. Алайда ұсынылған «қызметтер» тізімінде заңға қайшы әрекеттер көрсетілген. Атап айтқанда, телефон арқылы қорқыту, бопсалау сипатындағы қысым көрсету, мүлікке зиян келтіру секілді ауыр құқықбұзушылық белгілері бар әрекеттер айтылған. Сонымен қатар қосымша ақыға болған жайтты видеоға түсіріп беруге әзір екені де жазылған. Бағасы бірнеше ондаған мыңнан жүздеген мың теңгеге дейін барады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мұндай мазмұндағы хабарландырулар анықталған жағдайда дереу бұғаттауға жіберілетінін мәлімдеді. Қажет болған жағдайда материалдар құқықтық баға беру үшін тиісті бөлімшелерге жолданады.
Ведомство өкілдері мұндай әрекеттерді ұйымдастыру да, орындау да қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Заңсыз «қызметке» тапсырыс беру де жауапкершіліктен босатпайды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағы болуға шақырады. Осындай фактілерге тап болған жағдайда бірден полицияға хабар беру қажет. Мамандардың айтуынша, арандатушылық сипаттағы жарнамаларға сену де, оны тарату да қауіпті. Қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.


