Су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді
Қарағанды облысында су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына 3 500 адам мен мыңнан астам техника жұмылдырылды. Мамандар қауіпті аймақтардағы елді мекендерді үнемі бақылауда ұстап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда. Өзен арналары, гидротехникалық құрылымдар және бекітілген учаскелердің жағдайы күн сайын тексеріліп, алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қарағанды облысында 139 елді мекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан, онда 19 мыңнан астам адам тұрады. Солардың бірі – Огород ауылына 2015 және 2024 жылдары Нұра өзенінің қатты тасуы кезінде қауіп төніп, тұрғындар үшін қиындық туындаған болатын. Аталған аумақты қорғау мақсатында жоспарлы инженерлік жұмыстар жүргізіліп, ұзындығы 400 метр болатын қорғаныс жолы салынды.
– Инженерлік жұмыстардың жоспары бекітілген. Сол жоспарға сәйкес Құлайғыр, Тазаемка және Самарка елді мекендерінде қорғаныс бөгеттерін салу көзделген. Сонымен қатар, Абай қаласында суағарларды тазалау жұмыстары жүргізілген. Барлық жұмыстар өз мерзімінде аяқталып, Тазаемка елді мекенінде көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындардың жолмен қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету мақсатында көпір де салынған, – деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Асқаров.
Жергілікті тұрғындар да белсенді әрекет етуде. Олар үй маңдарын қардан тазартып, қажет болған жағдайда қолдану үшін құм салынған қаптарды алдын ала жинап, техникасы мен құралдарын дайындап қойған.
– Біз алдын ала жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Оған бірінші кезекте қауіпсіздік шаралары ретінде бөгеттер орнату және қарды тазалау кіреді, екінші кезекте ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын өткізу қарастырылған, – дейді ауыл тұрғыны Ермек Амангелді.
Өңірде 217 гидротехникалық нысан жұмыс істейді, олардың ішінде су қоймалары, бөгеттер және дамбалар мамандардың тұрақты бақылауында. Қарғын судың кедергісіз ағуы үшін 28 шақырым өзен арнасы тазартылды, ал елді мекендерден бір миллион текше метрден астам қар шығарылды. Сонымен қатар автомобиль жолдары мен теміржолдың 130 учаскесі ерекше бақылауда ұсталады. Қазіргі уақытта облыста «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары жүргізілуде.
– Облыс бойынша 44 тактикалық арнайы оқу-жаттығу жоспарланған. Бұл оқу-жаттығулар көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған. Департамент қызметкерлері барлық қала мен аудандарды аралап, әкімдіктердің дайындығын және күш-құралдардың дайын болуын тексерді, – дейді Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев.
Су тасқыны кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 3 500 адам және мыңнан астам техника жұмылдырылған. Төтенше жағдай қызметі оларды қажет кезде жедел әрекет ету үшін алты бағыт бойынша орналастырған.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


