«Стрептоцид» препаратына тыйым салынды

Қазақстанда тағы бір дәрілік затты қолдану және сату тоқтатылды. Бұл жолы әңгіме отандық «Стрептоцид» препараты туралы болып отыр. Аталған дәріні Химфарм компаниясы шығарады.

Тиісті бұйрыққа Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қол қойған. Құжатқа сәйкес, 300 миллиграммдық таблетка түрінде шығарылған препараттың бір партиясын еліміздің аумағында медициналық мақсатта қолдануға және өткізуге тыйым салынды. Бір қаптамада он таблеткадан бар, ал партияның жарамдылық мерзімі 2030 жылдың тамызына дейін деп көрсетілген.

Шешім Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының ресми хаты негізінде қабылданған. Қазіргі уақытта тиісті құрылымдар препаратты айналымнан алып тастау және дәріханалар мен медициналық ұйымдардан кері қайтару жұмыстарын жүргізуде.

Мамандар дәрілік заттарды тек дәрігердің кеңесімен қабылдауға және күмән туындаған жағдайда медициналық ұйымдарға жүгінуге кеңес береді.