Спартакиада шеңберіндегі чемпионат
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері құрамындағы «Астана» өңірлік қолбасшылығы аясында 23-ші Спартакиада жоспарына сәйкес қазақша күрес және самбо спорт түрлерінен чемпионаттар өткізілді. Аталған жарыстарға өңірлік қолбасшылыққа қарасты 7 гарнизоннан – Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ұлытау, Қарағанды, Приозерск және Астана гарнизондарынан келген барлығы 12 команда қатысты.
Чемпионат барысында 92 әскери қызметші өзара күш сынасып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша. Қазақша күресте. 1 орын – 06708 әскери бөлімі, 2 орын – 31775 әскери бөлімі, 3 орын – 99260 әскери бөлімі Қостанай гарнизонына бұйырды. Самбо бойынша, 1 орын – 31775 әскери бөліміне, 2 орын – 06708 әскери бөліміне, 3 орын – 99260 әскери бөлімі (Қостанай гарнизоны лайық деп танылды. Чемпионаттың маңыздылығы жөнінде «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Ерболат Шерімбетов өз пікірін білдірді.
– Бұл жарыстар әскери қызметшілердің дене дайындығын арттырумен қатар, жауынгерлік рухты көтеруге үлкен серпін береді. Қазақша күрес – халқымыздың ұлттық мұрасы, ал самбо – әскери қолданбалы спорттың маңызды бағыты. Осындай сайыстар арқылы сарбаздарымыз төзімділікке, тәртіпке және жеңіске деген жігерге тәрбиеленеді. Қатысқан барлық команда жоғары деңгейде өнер көрсетті, – деді полковник Ерболат Шерімбетов.
Өңірлік қолбасшылық алдағы уақытта да әскери қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Мұндай жарыстар әскерилердің кәсіби және физикалық дайындығын нығайтып қана қоймай, өзара ынтымақтастық пен бірлікті арттыруға ықпал етеді.


