Шектеусіз өмір, шексіз армандар
Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік қолдау бағдарламалары айтарлықтай кеңейтілуде. Білім беру, спорт және алғашқы жұмыс тәжірибесін қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімінің басшылығымен ата-аналар, бейінді басқармалар және қала-аудан әкімдерінің қатысуымен өткен арнайы кездесуде талқыланды.
Кездесудің басты тақырыбы мектепті тәмамдаған балалардың әрі қарай білім алу мүмкіндіктері болды. Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі түлектердің басым көпшілігі оқуын жалғастыруды таңдайды.
– Өткен жылы тоғызыншы сыныпты 274 оқушы аяқтаса, биыл олардың саны 237-ге жетеді. Қарағанды облысында 51 колледж жұмыс істейді, оның 38-інде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қажетті жағдайлар жасалған. Тоғызыншы сынып түлектерінің көбі колледжге түсуге дайындалып жатыр, ал он оқушы мектепте оқуын жалғастырады. Он бірінші сыныпты 40 оқушы аяқтайды: олардың 25-і колледждерге, 15-і жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Тағы он колледж түлегі университеттерде білімін жалғастыруға ниет білдірген, – деді Дулат Жекебаев.
Сонымен қатар жоғары оқу орындарымен кездесулер өткізілген. Білім беру мекемелері мұндай студенттерді қабылдауға дайын, квоталар мен арнайы жағдайлар қарастырылған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қосымша шараларды зерттеп, қажет болған жағдайда түлектерге жоғары оқу орындарына түсуге дайындық курстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Инклюзивті білім беру облыс үшін басым бағыт болып қала береді. Қазір өңірде 17 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қорытындысымен тіркелген, олардың 92,1%-ы әртүрлі қолдау түрлерімен қамтылған. Қолдауды одан әрі кеңейту үшін психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылады: қосымша кабинет Қарағанды қаласында, сондай-ақ Бұқар жырау және Шет аудандарында орналастырылады. Балабақшаларда қосымша топтар құрылып, шамамен 400 бала білім алуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар Теміртау мен Шахтинск қалаларында аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға арналған қолдау орталықтарын ашу мәселесі қарастырылуда.
Бейімделген спортты дамыту да кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектігі бар балаларға арналған орындар саны 240-қа артты. Ата-аналар бейімделген жүзу секцияларын және 18 жастан асқан жастарға арналған бағдарламаларды кеңейтуді сұрады. Облыс басшысы бұл ұсыныстарды бейінді ведомстволарға әзірлеуді тапсырды.
Жасөспірімдерді жұмыспен қамту да назардан тыс қалмады. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында зияткерлік ерекшеліктері бар жастар үшін 50 жұмыс орны қарастырылған. Жұмыс орындары қолжетімділік талаптарын ескере отырып, ғимараттардың бірінші қабатында орналастырылады, ал жасөспірімдер отбасы мүшелерінің қолдауымен қызмет етеді. Сонымен қатар Мансап орталығы арқылы шамамен он адам курьер немесе қызмет көрсету саласында көмекші ретінде жұмысқа орналасады.
– Жұмыс процесінде қауіпсіздік пен жайлылық басты назарда болуы керек. Мұндай кездесулер мәселелерді ата-аналармен және ведомстволармен тікелей талқылап, бірлесіп шешім табуға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
«Батыл жүрек» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Оксана Югайдың пікірінше, осындай форматтың өзі нәтижелі:
– Көптеген мәселе шешімін табуда, жаңа бастамалар пайда болып жатыр. Қолдау көрсету мүмкіндіктері тек балаларға ғана емес, 18 жастан асқан жастарға да кеңейіп келеді, – деді ол.
Қарағанды облысының бұл бастамалары ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған қолдау жүйесін мықты әрі жан-жақты дамытуға бағытталған. Білім беру, спорт және еңбекке баулу саласындағы осындай кешенді шаралар өңірдің инклюзивті қоғам құрудағы тәжірибесін көрсетеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


