Шахтёр ұжымы оқушылармен кездесті

Қарағанды қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектепте Шахтёр Қарағанды клубының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Бұл жүздесуде оқушылар кәсіби спортқа апарар жолдың қалай басталатынын, үлкен футболға жету үшін қандай талаптар қойылатынын білді.

Шара клубтың жастарды қолдау және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болды. Кездесуге клуб өкілдерімен бірге Freedom QJ League жасөспірімдер лигасының өткен маусымындағы жарқын ойыншыларының бірі Глеб Макридов қатысты. Қонақтар жаттығу үдерісі, спортшылардың күн тәртібі және кәсіби деңгейге көтерілу үшін қажет қасиеттер туралы айтып берді.

Жүздесу еркін форматта өтті. Оқушылар спорттағы тәртіп, бәсекелестік, мотивация және табысқа жетудің құпиясы жайында сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Кездесу барысында кәсіби спортта жетістікке жету үшін тек талант емес, табандылық, еңбекқорлық және жауапкершілік қажет екені айтылды. Бұл әңгіме жасөспірімдерге спорттық жеңістің артында үлкен еңбек жатқанын түсінуге мүмкіндік берді.

Кездесу соңында клуб өкілдері мектепке футбол және волейбол доптарын табыстады. Аталған білім ордасында «Шахтёр» академиясының тәрбиеленушілері білім алатындықтан, мектепті қолдау клуб үшін ерекше маңызға ие. Жалпы, клуб жұмысы тек жаттығу алаңында ғана емес, балалардың сапалы білім алып, спортпен айналысуына жағдай жасауға да бағытталған.

Кездесу барысында клубтың медиадиректоры Бекежан Ардақұлы әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне тоқталды.

– Біздің клуб үшін әлеуметтік жауапкершілік жай ғана сөз емес, күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі. Мектеп қабырғасында баланың мінезі қалыптасып, тәртібі нығаяды, алғашқы армандары пайда болады. Осындай кездесулер балаларға шабыт беріп, өз күшіне сенуге мүмкіндік береді. Қоғаммен бірлескен бастамаларға әрдайым ашықпыз, – деді ол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»