Салық амнистиясы: кәсіпкерлерге 100 млрд теңгеге жуық өсімпұл кешіріледі

Қазақстанда салық амнистиясы аясында кәсіпкерлердің 100 миллиард теңгеге жуық өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылады. Бизнесті қолдауға бағытталған бұл шаралар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, өсімпұл мен айыппұлды кешіру үшін кәсіпкерлер негізгі салық қарызын толық өтеуі тиіс. Қазіргі уақытта 67 мыңға жуық микро және шағын бизнес субъектісінің салық берешегі бар. Қарыздың жалпы сомасы 273 миллиард теңгені құрайды.

Егер кәсіпкерлер негізгі борышын өтесе, мемлекет шамамен 90 миллиард теңге өсімпұл мен 7 миллиард теңге айыппұлды толықтай жояды.

Бұл туралы бизнес өкілдерімен Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кездесуде айтылды.