Сәйгүліктер сайысы

Қарағандыда көкпар мен бәйге ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ұлттық ойында қос бірдей автокөлік иелерін тапты. Бағы жанған шабандоз, бабы келіскен жүйріктер сайысы талайдың арқасын қоздырып, кең далада қиқу салғызды.

Дүбірі дүрліктірген айтулы жарыста көкпар ойынының 2 бірдей ақтық сынымен аламан бәйге, құнан бәйге өтті. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов арнайы қатысып, ақ тілегін жаудырды. Ойындар қазақы салтпен ақсақалдардың ақ батасымен бастау алды. Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, соңғы жылдары облысымызда ат ойындары қарқынды түрде дамып, қатысушылар саны ұлғайған. Жаңа атшабар алаңының бекітілуі жүйрік баптаған жігерлі жігіттердің көптен күткен тілегі еді. Енді сол арнайы орында аймақтағы нағыз атқұлағында ойнаған азаматтар жиылды. Жарысты ақын, журналист Руслан Нұрбай жүргізіп, шабандоздардың делебесін қоздырып, рух беретін жауһар жырларымен қанаттандырып отырды.

Қарағанды облысының ұлттық спорт федерациясының басшысы Нұржан Шайхинның айтуынша, бұл жарысқа жұрт ат арылтып, әр өңірден арнайы келген. Алматының өзінен 8 ат арнайы алдыртылған.

Құнан бәйгеде 20 ат, аламан бәйгеде 30 ат қатысты. Бір айта кетерлігі жасөспірімдер арасындағы жарыс облыс деңгейінде бірінші рет өтуде. Оған жеткіншектер 7 ауданнан қатысты. Жарыс барысында бағамдағандай аттар да, азаматтар да бабында.

Көксеркені таласқа салған алпауыт командалар арасындағы көкпар ойыны жауырынды жігіттерді, апайтөс аттарды сынға салды. Додаға түскен 5 команда ішінен суырылып алға шыққан «Бәйтерек» пен «Бопай» командалары өзара жарыс жеңімпаздарын анықтады. Ойын «Бәйтерек» командасының айқын басымдылығымен 9:2 есебімен аяқталып, жеңімпаз атанған жігіттер 1 миллион теңгеге ие болды. Ал, жастар арасындағы сайыста Шет ауданының мерейі үстем болды.

Көкпар ойындары аяқталған соң шар даланың шанын шығарған жүйрік сәйгүліктер арасындағы бәйгеден ашық турнир басталды. Еліміздің әр жерінен келіп, арнайы қатысқандар сайысы 2 бағдарламадан тұрды. 12 шақырымды құрайтын құнан бәйгеде су жаңа автокөлік Қарағанды облысы Қызылжар ауылынан келген Бекзат Әйнекбаевқа бұйырды. Ал, аламан бәйгеде 25 шақырым бойы алдына қара салмай басқаларынан басым болған Мақсат Төкеновтың «Мәскеу» тұлпары бірінші келді. Шабандозы Алматыдан арнайы келген қаршадай бала Ахан Жұмабек. 14 жасар ойын баласының атқұлағында ойнауы жиылған жұртты тәнті етті. Жылқы мінсе жігері тасып, делебесі қозар жеткіншек осыған дейін бес жарыста 5 автокөлік мінген. Мінген жануарының шашасына шаң жұқтырмаған шабандоздың өзіндік тактикасы да мығым. Арнайы рациямен қамданып, сол арқылы ат үстінде отырып, құлаққап арқылы баптаушының бар бұйрығын бұлжытпай орындау тәсілі мәреге бірінші болып жетудің басты амалының бірі. Бастысы жануардың жайын ұға білсең болғаны дейді жас шабандоз.

Сайыс аймақтағы ұлттық ат спортының биылғы жылғы маусымының жабылу ойындары есебінде жаңа атшабар алаңында өтті. Барлық жүлдегерлерге мақтау қағазы мен қомақты ақшалай сыйақы табысталды. 2004-2006 жылғы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған көкпар бәсекесі Алматыда бастау алатын ел біріншілігіне іріктеу есебінде өткізілген. Жеңімпаздар мен үздіктер енді облыс намысын Республикалық деңгейде қорғайды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH.