Медицина мамандарымен Конституция жобасы талқыланды
Қарағандыда жаңа Конституция жобасына қатысты медицина саласының мамандарымен кездесу өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысып, құжаттың негізгі бағыттарын түсіндірді. Кездесу барысында денсаулық сақтау саласы қызметкерлері өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, маңызды мәселелерді талқылады.
Ата Заңның басты бағыттары мен оған енгізілген нормалар қарастырылды. Жиналыс барысында азаматтардың еңбек ету құқығы, әлеуметтік кепілдіктер және денсаулық сақтау саласындағы мәселелер талқыланды. Сонымен қатар дәрігерлердің құқықтық мәртебесі де ерекше назарға алынды.
– Бүгін 15 наурызға жоспарланған референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында Гигиена институты мен еңбек ауруларын зерттейтін біздің институтқа келіп, ұжыммен кездестік. Жаңадан құрылып жатқан Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді талқылап, өз әріптестерімізге жеткіздік. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің құқықтары мен отбасылық құндылықтарға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргіздік, – деді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Алтынай Төкенқызы.
Сала мамандарының айтуынша, бұл өзгерістер елдегі азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды күшейтіп қана қоймай, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын да арттырады.
– Конституция, яғни біздің Ата Заңымыз ең алдымен адамды басты орынға қояды. Ол адамның құқықтарын, білім алу мүмкіндігін және денсаулығын қорғайды. Сондықтан біз бұл мәселені тағы да талқылап, мұқият қарап шықтық және 15 наурыздағы референдумға баруға толық дайынбыз, – дейді «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығы» КеАҚ директорының орынбасары Сәуле Ақынжанқызы.
Жиынның соңында жаңа Конституция жобасының қоғам үшін маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


