Күй – халықтың қазынасы

         Павлодар қаласында өткен «Күй – қазына» атты I өңіраралық зияткерлік-орындаушылық байқауда Қарағандының жас домбырашылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жекелей аталымдарда топ жарып, командалық есепте жүлделі үшінші орынға ие болды. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған шығармашылық дода жас күйшілердің орындаушылық шеберлігі мен теориялық білімін қатар саралаған тағылымды алаңға айналды.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылған байқау Павлодар қаласындағы Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінің «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің 35 жылдық мерейтойына арналды. Өнер мерекесіне Павлодар, Өскемен, Астана, Көкшетау, Қарағанды және Семей қалаларынан келген жас домбырашылар қатысып, күй өнерінің тереңдігін танытты.

Байқау үш кезең бойынша өтті. Қатысушылар алдымен күй орындау шеберлігін көрсетсе, келесі кезеңдерде ұлттық музыкаға қатысты теориялық білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынға салды. Осылайша өнер сайысы тек орындаушылық шеберлікті ғана емес, күй мәдениетін терең түсінуді де талап етті.

Нәтижесінде «Шертпе күйдің үздік орындаушысы» аталымында Қарағанды қаласының намысын қорғаған «Қосбасар» командасының мүшесі Нұрмұхамед Жақанов жеңімпаз атанды. Жас домбырашының музыкалық жетекшісі – Гүлжамал Әбішева. Ал «Төкпе күйдің үздік орындаушысы» атағы Семей қаласының «Әлқисса» командасынан қатысқан Әнуар Бекасылға бұйырды. Сондай-ақ белгілі күйші Рүстембек Омаров атындағы арнайы жүлде Астана қаласының «Ақжелең» командасының мүшесі Бейбарыс Бәкішевке табысталды.

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Нұрмұхамед Жақанов бұл байқаудың өзі үшін ерекше тәжірибе болғанын айтады.

– Командалық форматта алғаш рет өнер көрсеттім. Бұл өте қызықты әрі жауапты тәжірибе болды. Домбыра – мен үшін жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – даланың үні, ата-бабамыздың тарихы мен рухының көрінісі. Күй арқылы халқымыздың мәдениетін, ұлттық дәстүрінің қуатын жеткізуге тырысамын, – дейді жас өнерпаз.

Шығармашылық дода аясында жас домбырашылар үшін тағылымды шаралар да ұйымдастырылды. Соның бірі – К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының оқытушысы, PhD доктор Айтолқын Тоқтаған өткізген шеберлік сабағы. «Екі күйші – екі тағдыр: Дина мен Сейтектің шығармашылығы» атты дәріс барысында ол қазақтың күй өнеріндегі екі ірі тұлға – Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының шығармашылық мұрасын кеңінен талдап, жас музыканттарға құнды мәліметтер ұсынды.

Байқау қорытындысында Қарағанды қаласының командасы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Команда құрамында Нұрмұхамед Жақанов, Манас Әлиев және Әлия Құрмашқызы өнер көрсетті. Жас домбырашылардың өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, олардың орындаушылық мәдениеті мен сахналық шеберлігі ерекше атап өтілді.

Жалпы, «Күй – қазына» байқауы жас орындаушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға да зор үлес қосты. Домбыраның қоңыр үні арқылы халқымыздың тарихы мен рухани құндылықтарын танытқан мұндай өнер сайыстары ұлттық мәдениеттің сабақтастығын сақтауға қызмет етеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»