Көгалдандыру жұмыстары жаңа кезеңге өтеді
Күн жылынған сайын аймақта көгалдандыру жұмыстары қарқын ала бастайды. Бұл бағытта кәсіпкерлер мен орман шаруашылықтары күш біріктіріп, табиғатты жасылдандыру ісін жүйелі түрде жүргізуде. Салада көшет өсірудің заманауи технологиялары енгізіліп, жасыл желекті көбейтуге ерекше назар аударылып отыр. Атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы кезеңге арналған жаңа жоспарлар да белгіленген. Мақсат – өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, жасыл аймақтарды көбейту.
Бұл аумақта бой көтерген көптеген биік қарағай Владимир Крючковтың табанды еңбегінің нәтижесі. Кәсіпкер 15 жылдан астам уақыт бойы ағаш отырғызумен жеке өзі айналысып келеді. Ол әрбір көшетке ерекше күтім жасап, оларды баптауға көп көңіл бөледі. Бүгінде осы жерде шамамен 30 мыңға жуық ағаш өсіп тұр. Бұрын ашық тамыр жүйесі бар көшеттер жиі жерсінбей, тамыр жаймай қалатын. Қазір Владимир бұл мәселені шешу үшін итальяндық технологияны қолданады. Яғни көшеттер тұқымнан өсіріліп, жабық тамыр жүйесі бар арнайы кассеталарда бапталады.
– Біз көшеттерді алдымен кассеталарға егілген тұқымнан өсіреміз. Кейін жаздағы вегетациялық кезеңде олар мықты тамыр жүйесін қалыптастырады. Осы уақытта өсімдіктің жақсы өсуі үшін тыңайтқыш беріп, тұрақты түрде күтім жасаймыз. Әр көшетке мұқият қарап, баптаймыз. Өсімдіктің дұрыс жетілуі үшін белгілі бір оңтайлы климаттық жағдайлар да сақталуы қажет, – дейді қала тұрғыны ВладимирКрючков.
Қарағай мен шырша көшеттері жылыжай жағдайында өсіріледі. Жаңа технологияның көмегімен Владимир Крючков бүгінде екі жүз мыңға жуық ағаш өсіріп үлгерген. Алдағы уақытта бұл көшеттерді бүкіл аймаққа отырғызу жоспарланып отыр. Кәсіпкер шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып, бұл әдісті Қарағанды өңірінің климатына бейімдеп қолдануда.
– Неліктен біз көбіне қарағайды таңдаймыз деген сұрақ жиі қойылады. Себебі бұл ағаш түрі біздің аймақта жақсы өседі. Сонымен қатар қарағайдан көптеген эфир майлары бөлінеді, олар ауаны тазартып, қоршаған ортаға оң әсер етеді. Сондықтан біз қылқан жапырақты ағаштарды өсіруге ерекше көңіл бөліп отырмыз, – деді Владимир Крючков.
Қарағанды өңірінде облысты көгалдандырумен қатар орман шаруашылығында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өңірдегі жасыл аймақтарды ұлғайту жалғасуда. Өткен жылы орман қоры екі миллион көшетпен толықтырылса, биыл тағы 200 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
– Біздің жоспарымызға Қарағанды-Теміртау тас жолының бойына екі жақтан ағаш отырғызу жұмыстары да кіреді. Сонымен қатар Қарағанды қаласы мен әуежай маңындағы аумақтарды көгалдандыру көзделген. Қазіргі таңда облыс аумағында көшеттердің өміршеңдік деңгейі шамамен 60 пайызды құрайды, бұл белгіленген норма шегінде. Бізде 25 гектар суармалы аумағы бар арнайы тұқымбақ жұмыс істейді. Жыл сайын облыс әкімінің қолдауымен бұл аумақты кеңейтіп, көшет өсіру көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.
2027 жылға дейін облыс ормандарында жеті миллионға жуық жаңа ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өңірдің орман қорының жалпы аумағы 127 мың гектарды құрайды. Алайда оның тек 69 мың гектары ғана орманмен қамтылған. Сондықтан жасыл алқаптарды көбейту мен орман аумағын кеңейту өңір үшін маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»


