Инклюзивті спорт – мүмкіндіктер алаңы
Елордада өткен «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының қысқы кезеңінде Қарағанды облысының жас спортшылары табысты өнер көрсетіп, конькимен жүгіру спортынан қола жүлдеге ие болды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың спорттағы әлеуетін ашуға бағытталған бұл жарысқа биыл еліміздің 16 өңірінен 10-16 жас аралығындағы 225 жасөспірім қатысты.
Қатысушылар бірнеше күн бойы шаңғы жарысы, парахоккей және конькимен жүгіру секілді қысқы спорт түрлерінен бақ сынап, өздерінің шеберліктері мен төзімділіктерін көрсетті. Әр команда үшін бұл жарыс тек медаль үшін ғана емес, сонымен қатар достық, өзара қолдау және жігердің мерекесіне айналды.
Жалпыкомандалық есепте Шығыс Қазақстан облысының құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, көш бастады. Бұл өңірдің спортшылары шаңғы жарысы мен конькимен жүгіру спортынан алтын медальдарды жеңіп алып, жарыстың фавориті екенін дәлелдеді.
Қарағанды облысының құрамасы конькимен жүгіру спортынан командалық есепте үшінші орынға ие болып, қола медальмен марапатталды. Шаңғы жарысында дәл осындай жүлде елорда спортшыларына бұйырды. Дегенмен қарағандылықтардың табысы тек командалық нәтижемен шектелген жоқ. Жеке есепте де өңір спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жалпы саны 13 медаль иеленді. Оның ішінде төрт алтын, алты күміс және үш қола жүлде бар. Күміс медальдердің үшеуі конькимен жүгіру спортынан, қалғандары шаңғы жарысынан алынған. Бұл көрсеткіш Қарағанды облысы жас спортшыларының дайындығы жоғары екенін аңғартады. Жарыста Қарағанды облысының намысын №3, №4, №6 және №7 арнайы мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері қорғады. Олардың спорттағы жетістіктеріне ұстаздары мен жаттықтырушыларының еңбегі зор.
№4 арнайы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ольга Гринцованың айтуынша, оқу орнында қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінеді.
– Конькимен жүгіру мен шаңғы тебу біздің мектептегі дене шынықтыру сабақтарының бағдарламасына енгізілген. Алайда бір ғана сабақ балалардың шеберлігін арттыруға жеткіліксіз. Сондықтан біз олармен қосымша жаттығулар өткізіп, үйірмелер мен демалыс күнгі секцияларды ұйымдастырамыз. Ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Егер баланың спортқа бейімі байқалса, оған көбірек көңіл бөліп, жеке жаттықтыруға тырысамын. «Жұлдызай» ойындарына жыл сайын қатысамыз. Бұған дейін көбіне жазғы спорт түрлерінде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болғанбыз. Ал қысқы спорттағы бұл алғашқы нәтижелеріміздің өзі біз үшін үлкен жетістік, – дейді ол.
Айта кету керек, «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары елімізде он жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дәстүр бойынша жарыс жылына екі рет, жазғы және қысқы кезеңде ұйымдастырылады. Бұл қатысушыларға спорттың түрлі бағыттары бойынша өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойындардың басты мақсаты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың өз күшіне деген сенімін нығайту және спорттың баршаға ортақ мүмкіндік алаңы екенін көрсету.
Осы тұрғыдан алғанда «Жұлдызай» ойындары тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Ал Қарағанды облысының жас спортшылары көрсеткен нәтиже олардың табандылығы мен ерік-жігерінің айқын дәлелі болып отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


