Батыр ананың өмірлік ұстанымы
«Рахатты қыздан көресің» дейді Қарқаралы ауданында тұратын батыр ана Айкен Балықбаева. 60 жастағы ана өмірге 10 қыз әкеліп, бүгінде сол перзенттерінің қызығын көріп отыр. Көпбалалы ана қыз тәрбиесіне ерекше мән бергенін айтады. Оның айтуынша, мейірім мен тәрбие көрген қыз ертең отбасының ұйытқысы болады. Бүгінде Айкен Балықбаеваның қыздары әрқайсысы өз өмір жолын тауып, анасының ақыл-кеңесін үлгі етіп келеді.
Айкен Балықбаева 10 қыз тәрбиелеп, оларға өмір сыйлаған. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ол әрдайым ерекше құрметке бөленеді. Отбасында ұл бала жоқтығы ешқандай дау туғызбаған, керісінше, жолдасы әрқашан қолдау көрсеткен. Ал 42 жасында кенже қызы дүниеге келгенде бүкіл ауыл ерекше қуанышпен тойлаған.
– Күйеуім қыздарды өте жақсы көреді, менің әрбір жетістігімді және балаларымызды әрдайым қолдайды. Біз үшін отбасы – басты құндылық, сондықтан балалардың саны немесе жынысы ешқашан дау тудырған емес. Мен үшін ана болу – ең үлкен бақыт. Әр қызымның өмірге келген сәтін ерекше есте сақтаймын, әрқайсысына деген махаббатым шексіз. Кенже қызым дүниеге келгенде бізді қуаныш толқыны басты. Сол сәтті бүкіл ауыл атап өтті, бұл күн өмірімдегі ең жарқын естеліктердің бірі болып қалды. Батыр ана атану – тек атақ емес, бұл әр күн сайын балаларға үлгі болу, олардың қуанышы мен қиындықтарына бірге қоса бақыт табу деген сөз, – деді батыр ана Айкен Балықбаева.
Жолдасы Аманбек Балықбаев – бір үйдің жалғыз ұлы. Дегенмен отбасында қыздардың дүниеге келуі олар үшін тек қуаныш пен берекенің белгісі болған. Әрбір қыз өмірге келген сайын, «береке босағамыздан бірге аттады» деп ырымдап отырған. Балалардың тәрбиесіне ата-әжесі де белсене араласып, немерелеріне ерекше мейірім мен қамқорлық көрсеткен.
– Отбасымызда қыздардың дүниеге келуі біз үшін ешқашан өкініш болған емес. Керісінше, әр қызымыз туған сайын үйімізге береке мен қуаныш бірге келді деп ырымдаймыз. Қыз бала – үйдің көркі ғой. Сондықтан олардың әрқайсысын ерекше жақсы көремін. Әке ретінде барынша қамқор болып, жақсы тәрбие беруге тырысамын, – дейді Аманбек Балықбаев Айкен Балықбаеваның жұбайы.
Бұл отбасындағы қыздар үй шаруасына да, түрлі іске де епті болып өскен. Екі қызы анасының қолөнер мен істегі шеберлігін бойына сіңіріп, бүгінде сол өнерді кәсіпке айналдырып отыр. Ал Ұлжанның есімі ырыммен қойылған. Артынан ер бала ерсін деген ниетпен аталған ол мінезі де ер мінезді, дала жұмысына бейім болып өсті. Таңдаған мамандығы да соған сай – құқық қорғау саласы. Отбасының тірегі болған отағасы жұмысшы мамандығын игерсе, отанасы ұзақ жылдар балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. Екеуі де балаларын ешкімнен кем қылмай өсіріп, тәрбиеледі. Қыздары да жастайынан еңбекке араласып, қара жұмыстан қашпай өсті. Айкен Балықбаева өнерге де жақын жан. Ол домбыра тартып, ән айтқанды ұнатады. Сонымен қатар ауылдағы әжелерден құралған «Армандастар» ансамблінің мүшесі. Зейнеткерлер мәдениет үйінде өтетін мерекелік концерттерге қатысып, сахнада көбіне қазақтың халық әндерін орындайды. Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне биыл 41 жыл толды. Барлық мереке сайын балалары аналары жайған ақ дастарқанның басына жиналады. Қыздарының әрқайсысы бүгінде өз алдына отау тігіп, жеке отбасы құрған. Қазір олар 19 немеренің ата-әжесі атанып отыр. Әсіресе кішкентай қыз немерелеріне деген мейірімдері ерекше. Себебі олар «Қызы бар үйдің құты бар» деп есептейді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»


