Қанатты арман иелері

Қарағандыдағы ұшқыштар даярлайтын орталықта нәзікжандылар саны артып келеді. Олар үшін аспан – жай ғана биіктік емес, бала күнгі арманға бастар жол. Бүгінде болашақ ұшқыш қыздар өз саласының білікті маманы болу үшін табанды түрде білім алып, кәсіби шеберліктерін шыңдап жүр.

Алина Наурызбаева бала кезінен аспанға қарап, ұшқыш болуды армандап өсті. Бүгінде сол арманына бір қадам жақындап, курсант-ұшқыш атанды. Қазірдің өзінде оның ұшу тәжірибесі 50 сағатқа жеткен. Ол «Балапан» авиациялық оқу-жаттығу орталығына алғаш келген күннен бастап-ақ дұрыс жолды таңдағанын түсінді. Сол сәттен бастап Алина өз мақсатына сенімді түрде қадам басып келеді.

– Ұшқыш болу – менің бала кезден бергі арманым. Бұл мамандық туралы алғаш рет 13 жасымда ойланып, сол уақыттан бастап өзімді осы мақсатқа дайындай бастадым. Ұшу – ерекше сезім. Ол бірнеше эмоцияның қосындысы сияқты. Ең алдымен, бұл – үлкен жауапкершілік. Себебі ұшқыш адамдардың өміріне жауап береді. Сонымен қатар бұл жердегі қарапайым жұмыстарға мүлде ұқсамайды. Ұшқыш ретінде сен техникамен де, әуе кеңістігімен де жұмыс істейсің. Ұшу кезінде адамдармен тығыз байланыста болып, бір кеңістікте бірлесе әрекет етесің, – деді курсант-ұшқыш Алина Наурызбаева.

Оқу-жаттығу орталығында ол жан-жақты дайындықтан өтті. Әуе техникасының сызбаларын меңгеріп, ұшу кезінде кенеттен туындауы мүмкін күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйренді. Ұшқыш үшін физикалық дайындықтың да маңызы зор. Сондықтан курс барысында ол 750 сағат теориялық білім алып, кейін 250 сағат бойы әуеде тәжірибелік ұшулар жасап машықтанды. Ал «Балапан» ұшу оқу орталығында білім алып жүрген тағы бір курсант – Гүлжан Журабекова. Ол Ташкент қаласынан келген. Бір жағынан отбасының қамын ойлаған ана болса, екінші жағынан өз арманын жүзеге асыруға ұмтылып жүрген жан. Бұған дейін шетелдік әуе компаниясында бортсерік болып жұмыс істеген. Қазір ұшқыш мамандығын игеріп, болашақта азаматтық авиация саласында қызмет етуді мақсат етіп отыр.

– Бұл оқу орталығы өз ерекшелігін кәсіби нұсқаушыларымен және жоғары деңгейдегі қауіпсіз ұшуларымен көрсетеді. Мұнда техникалық қызмет көрсету де өте жақсы ұйымдастырылған. Ұшқыш болу барысында қорқыныш әрдайым болады. Егер ұшқыштар мүлде қорықпаса, қауіпсіздік те болмас еді. Өйткені ең алдымен сен өзіңе және жолаушыларыңа үлкен жауапкершілік арқалайсың. Сондықтан бұл сезім қалыпты және қажетті.  Қазіргі кезеңде менде әлі көп тәжірибе жоқ. Дегенмен, осы ұжымда, негізінен ер азаматтардан құралған ортада, маған өте түсіністікпен қарайды. Әрқайсысы барынша көмектесіп, өз тәжірибесін бөліседі, сондықтан үйрену процесі жеңілдей түседі, – дейді курсант-ұшқыш Гүлжан Журабекова.

Әр ұшудан бұрын қыздар әуе кемесін мұқият тексеріп, қажетті нұсқамалардан өтеді. Мұнда тәртіпті сақтау, жылдам әрі дәл әрекет ету аса маңызды. Әуеге көтерілген сайын олар өздерін жеңімпаздай сезінеді, өйткені ұшу барысында шеберлік, табандылық пен батылдық сыналады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»